Рафаэль Надальдың ракеткасы рекордтық сомаға сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Испаниялық теннисші Рафаэль Надальдың 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің финалында ұстаған Babolat ракеткасы аукционда 157,3 мың АҚШ долларына сатылды.   

Рафаэль Надальдың ракеткасы рекордтық сомаға сатылды
Фото: Сhampionat.com

Сhampionat.com сайтынан мәлім еткеніндей, бұл теннис ракеткасын сатудағы рекордтық сома болып есептеледі.

Надаль сол бәсекеде швейцариялық Стэн Вавринканы 6:2, 6:3, 6:1 есебімен ұтқан еді.

ESPN мәліметіне қарағанда, бұрынғы рекордтық нәтиже де испаниялық теннисшіге тиесілі. 2023 жылы оның тағы бір ракеткасы 139,7 мың долларға өткен еді.

Онымен Надаль 2022 жылы Аустралия ашық чемпионатында ойнаған еді. Финалда ол камбэк жасап, ресейлік Даниил Медведевті 2:6, 6:7 (5:7), 6:4, 6:4, 7:5 есебімен қапы қалдырған еді.

«Үлкен дулыға» турнирлерінің 22 дүркін чемпионы Рафаэль Надаль спорттық мансабын 2024 жылы Дэвис кубогы кезінде аяқтаған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің дүниежүзілік рейтингіде ТОП-40-қа жақындағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар