Ракетканы алғаш 7 жасымда қолға алдым: Теннисші Бейбіт Жұқаевпен сұхбат

- Бейбіт, биыл әлемдік рейтинг іде жақсы көтеріліп келесің. Жыл басында 308-сатыда тұрсаң, қазіргі кезде 263-орындасың. Дегенмен ғаламтор кеңістігінде өзің туралы ақпарат жоққа жақын. Сондықтан қайда дүниеге келдің, тенниспен айналысуды қашан бастадың, егер ол болмаса, спорттың басқа қай түрін таңдар едің ? Алдымен осы сауалдарға жауап берсең .
- Ақтауда дүние есігін аштым. Отбасымызбен шетелге демалуға барған кезде 7 жасымда қолыма алғаш рет ракетканы ұстадым. Қонақүй аумағында корт бар екен, ағаммен бірге ойнап көруге бел будым. Допты әрлі-берлі асырған маған ұнады. Ақтауға оралғаннан кейін жарты жылдан соң ата-анам мені теннис секциясына жазды. Маралбек Даттың тобында балалармен бірге жаттықтым. Түрлі себептермен көп ұзамай ата-анаммен бірге Алматыға көштім. Мұнда тенниске көбірек ден қойып, жеке айналыса бастадым. Зарина Диястың бұрынғы бапкері, чехиялық Петер Павлоның көзіне түсіп, 2013 жылдан бастап үш жылға жуық уақыт бойы сол кісі баулыды. Техникамды жетілдіргені үшін оған алғысым шексіз, өйткені 13 жасымда өзімнің құрдастарыма қарағанда, шеберлігім кем болды. Петердің арқасында жақсы алға бастым.
Теннисті неге таңдадың дегенге келсем, бұл спорт түрі маған қарқындылығымен әрі үнемі ойлап ойнау керектігімен ұнады. Егер теннис болмаса, оқуды жалғастырар едім. Мектепте мен озат оқушы болдым. Жеке мектепте математика мен ағылшын тілі бағытында білім алдым. Ұстаздарым спортқа кетпей, білім жолында қалуымды өтіндім. Дегенмен мен кәсіби теннисші болуды қаладым.
- Теннис жай қызығушылық емес, кәсіп екендігін қашан ұқтың?
- Мұны Петер Павломен жұмыс істей бастаған кезде түсіндім. Сонда алғашқы халықаралық сапарларым басталды, жаттығу үзілген жоқ, сондықтан кері оралуға болмайтынын ұғындым.
- Қай төсеніште ойнағанды жақсы көресің, көгалда ма, топырақта ма, хардта ма?
- Алғашқы күннен бастап хард төсенішінде жаттықтым. Мысалы, Ақтауда топырақ төсенішінде ешқашан ойнаған жоқпын. Себебі онда залда хард пен кілем ғана болды. Сондықтан шынымды айтсам, хард менің оң жамбасыма келеді. Көгал төсенішінде де өзімді жақсы сезінемін.
- Қарапайым ақтаулық жігітке әлемдік рейтинг іде ТОП-300-ге ену қаншалықты қиын болды?
- Иә, АТР рейтингісінің ТОП-300-іне кіру үшін ұзақ та күрделі жолдан өтуге тура келді. Оны тіпті жауыма да тілемес едім. Оның үстіне ұдайы жаттығумен бірге оқуды қалдырғым келген жоқ. 2009 жылдан бастап есептегенде, ТОП-300-ге ену үшін бақандай 14 жыл керек болды. Ақтау Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты теннис дамыған қала емес-ті. Онда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК«АҚ жанында бір ғана теннис орталығы болатын. Ол бар болғаны екі жабық, екі ашық корттан тұратын. Каспий жағалауында тұрған шағын қаладан осындай деңгейдегі теннисшінің өсіп шығатынын ол кезде ешкім ойламаған шығар. Қазақстан теннис мектебінің төл түлектері қатарынан АТР рейтингісінде қазір мен бәрінен жоғары тұрмын. Сондай-ақ биыл халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым.
- Instagram -парақшаңа Новак Джоковичтің өзі жазылған. Бұл қалай болды? Сербиялық теннисші «Үлкен дулыға» турнирлерінде 23 дүркін чемпион атанып, 47 -рет жартылай финалға шығып отыр. 36 жасқа келгеніне қарамастан, оның тамаша өнер көрсетуі не себептен деп ойлайсың?
- Мен Новакпен өткен жылы Астанада АТР 500 жарысында таныстым. Жаттығу үшін спарринг әріптес іздеп едім. Маған Новактың да сондай ойыншыны іздеп жүргенін айтты. Сөйтіп сәті түсіп, алғаш рет атақты теннисшімен доп қағыстым. Ол маған ойынды қалай жетілдіруге болатыны жөнінде ақыл-кеңесін берді. Сөйлесе келе, менің қайда жаттығып жүргенімді сұрап, Белградтағы өзінің академиясына шақырды. Әзірге онда бара қойған жоқпын. Дегенмен жылдың соңында немесе келесі маусымда сәті түсер деп ойлаймын. Новак сияқты ойыншылармен жаттығудың өзі бір ғанибет, керемет әсер аласың, одан бәрін үйренгің келеді. Джокович – ғажап теннисші. 36 жасында барлық турнирлердің басты фавориті болып жүр. Бір қызығы, өткен жылы Астана додасының алғашқы айналымында мен нидерландылық Ботикпен шеберлік байқастым. Егер оны жеңгенде, Джоковичпен кездесер едім.
- Биыл тым-тәуір нәтижелер көрсетіп келесің. Алғаш рет челленджер турнирінің финалына шықтың. Лос-Кабоста іріктеу сайыстарынан өтіп, АТР 250 жарысында өнер көрсеттің. Тіпті алғашқы айналымда Илья Ивашкамен бәсекеде матч-пойнттарың болды, бірақ оны не себепті пайдалана алмадың?
- Биыл маусым айында бірінші рет челленджер жарысының финалында ойнадым. Шыны керек, бұлай алысқа барамын деп ойлағаным жоқ. Өйткені жылдың басы мен үшін сәтсіз болды. Тек жазға қарай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастадым. Аталған турнирдің финалында күшім жетпеді, өйткені оған дейін үш сетке, 3-3,5 сағатқа созылған үш матч өткіздім. Соған қарамастан, соңғы бәсекеде екінші сетті алатындай мүмкіндігім болды, бірақ сәттілік те жетіспеді. Жыл аяғына дейін тағы екі челленджерге барамын, жекелей сында жеңімпаз атануға тырысамын.
- Алда Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындары өткелі тұр. Қазақстан құрамасына енгенің сен үшін кездейсоқтық па, әлде алдын ала білдің бе? Азиадаға қандай мақсатпен бара жатырсың?
- Күтпеген шақырту болды деп айта алмаймын. Өйткені соңғы табыстарыма байланысты бапкерлер мені құрамаға енгізген екен. Мақсат – үздік үштікке ілігу. Алтын – ең басты арманым, егер Азияда ТОП-5-ке енсем, соны да қанағат тұтар едім.
- Қазіргі рейтинг ідегі орның US Open турнирінің іріктеу сайыстарында ойнауға мүмкіндік беретін еді, неге қатыспадың?
- Иә, маған АҚШ ашық чемпионатының іріктеу жарысына қатысуға болатын еді. Бірақ оған бара алмадым. Өйткені Лос-Кабоста тізеден алған жарақатым сыр берді. Аздап демалыс алып, емделуді жөн көрдім.
- Теннистен басқа нені жақсы көресің, фильм, кітаптар, аңшылық, балық аулау, әлде басқа ма?
- Соңғы кезде кітапты көп оқимын, сериалдарды қараймын.
- Алдағы мақсатың қандай? Сені Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайыстарынан көре аламыз ба?
- 2023 жылды ТОП-200-де аяқтағым келеді. Сосын, әрине, 2024 жылғы Australian Open іріктеуіне барсам деймін.
-Сұхбат бергеніңе рахмет, Бейбіт! Алдағы жарыстарда табыс пен сәттілік тілеймін.