Рақымшылық: Абай облысындағы әйелдер колониясынан 8 адам босап шықты

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында Конституцияның 30 жылдығына орай 130-ға жуық сотталған әйел рақымшылыққа ілікті.

Рақымшылық: Абай облысындағы әйелдер колониясынан 8 адам босап шықты
Фото: Абай облыстық ҚАЖД

Өңірдегі әйелдер колониясында 400-ге жуық әйел жазасын өтеп жатыр. Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында 130-ға жуық сотталған әйелге жеңілдік қарастырылған.

Абай облыстық ҚАЖ департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 8 әйел бостандыққа шықты. Олардың көбісі орташа ауыр қылмыс жасағандар. 

— Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалары бар екі сотталғанға жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі үштен бір мөлшерге қысқартылды. Алдағы уақытта мекеме әкімшілігінің ұсыныстары қанағаттандырылған жағдайда, басқа да сотталған әйелдерге қатысты негізгі жаза мерзімінің өтелмеген немесе орындалмаған бөлігі қысқартылуы мүмкін, — дейді департаменттің арнайы есеп бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Светлана Голикова.

Бостандыққа шыққан әйелдердің бірі алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға сотталған болатын.

— Бұл уақыт мен үшін өте ауыр болды. Осында отырған кезде үш немерем дүниеге келді. Олардың ешқайсысын әлі көрген жоқпын. Істеген ісіме қатты өкінемін. Жазамды өтеп жатқанда жақындарыма қолдау көрсете алмадым. Анам биыл 93 жасқа толды. Үйге, анама, балаларым мен немерелеріме ерте оралатыныма өте қуаныштымын, — дейді ол.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да рақымшылық жасау туралы заң аясында 44 адам түрмеден босап шығатындығы хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар