Рақымшылық: Абзал Құспан қосымша 1700 адамды босатуға қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Абзал Құспан рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру мекемелерінен бостандыққа шығатын адамдардың санына қатысты түсінік берді.

 Рақымшылық: Абзал Құспан қосымша 1700 адамды босатуға қатысты түсінік берді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Атап айтқанда, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданды.

Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам бостандыққа шығады. 

Одан бөлек, депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы бір жыл қалған, оң мінезделетін 1 700-ден астам сотталғанның босап шығуы көзделген.

- 1700 адамға қатысты бұған дейін айтылмаған еді. Осы аптада тиісті ұсынысқа шешім жасадық. Жаңағы босап (632 адам) шығатындардан бөлек, өтелмеген мерзімі бір жыл қалған 1700 сотталғанға қатысты рақымшылық актісі қолданылып, олар босап шығады. Бұл ретте, 632 адамға тағы 1700 адамды қосуға болады. Осы орайда ескере кететін бір жағдай бар, осы заң күшіне енгеннен кейін 632 адам бірден босатылса, 1700 адам мерзімі келген кезде босап шығады. 6 ай бойы бұл заң күшінде болады, яғни осы жарты жыл ішінде уақыты келгендер біртіндеп босатылады, - деді А.Құспан.

Бұл тұрғыда ол бас бостандығынан айыру мекемелерінде тәртіп бұзбағандар ілігетінін нақтылады.

Бұған дейін биыл рақымшылық кімдерге қолданылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар