Рақымшылық жасайды: Түркияда 50 мыңға жуық тұтқын босатылады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда жазаларды орындау саласында ауқымды реформа дайындалуда, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Түркияның Әділет министрлігі мен билеуші Әділет және даму партиясы (AKP) 45 мыңнан 50 мыңға дейін тұтқынды босатуға мүмкіндік беретін жаңа заңнамалық өзгерістер пакетін әзірледі. Жоба осы аптада Парламенттің қарауына жіберіледі және оны Рамазан мейрамына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Бүгінде түрік түрмелерінде 410 мыңнан астам адам отыр. Жаңа заңға сәйкес, сотталғандар жаза мерзімінің аяқталуына үш жылдан аспайтын болса, шартты түрде мерзімінен бұрын босатыла алады. Олар жазасының қалған мерзімін абақтыдан тыс жерде бақылауда өтейді.
Билік босату автоматты түрде болмайтынын баса айтады. Әрбір істі арнайы бақылау комиссиясы қарайды. Психикалық кемістігі бар немесе зорлық-зомбылыққа бейім адамдар босатылмайды.
– Біз қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіре алмаймыз. Шығару әділ және ойластырылған болуы керек, - деді AKP өкілдері.
Сондай-ақ қайталап қылмыс жасағандарға жағдайды жеңілдету мүмкіндігі де талқыланып жатыр. Қылмысы «қарапайым» деп есептелсе де, олар қазір жазасын толық өтеуде. Партия бұл тәжірибені әділетсіз деп санап, сотталғандарды түзеу жолындағы кедергі деп есептейді.
Реформадағы бөлек тармақ «ұсақ» құқық бұзушылықтарға қатысты қатаңырақ көзқарас болмақ. Бұрын екі жылға дейінгі үкімдер көбінесе нақты бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, қазір мұндай істердің өзі 5-тен 7 тәулікке дейінгі мерзімге міндетті түрде бас бостандығынан айыруды талап етеді.
Айта кетейік, Түркияда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар өте ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сондықтан елдегі түрмелер айтарлықтай толып кетті.
Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізімі кеңейтілгенін жазған едік.