Рамазан айында Шахтинск қаласында 26 отбасы жаңа баспанаға ие болды

Естеріңізде болса, Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол» бағдарламасында қолжетімді тұрғын үй құрылысын қайта қарастыруды және қазақстандықтарды қолжетімді, арзан баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы біздің қаламызда да жүзеге асырылуда. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы отбасылар, ардагерлер және бюджет мекемелерінің қызметкерлері қала басшысының табыстаған пәтер кілтін қуанышпен қолға алып, қоныс тойын тойлауға асықты.
Осы күні салтанатты шараға жаңа пәтерге ие болғандардың жақын-жуықтары, дос-жарандары да қатысып, қуаныштарына ортақ болды. Қала әкімдігінің ғимараты тұрғындарға толды. Тұла бойын билеген шаттық сезімдерімен бөліскен тұрғындар жаңа баспаналарын көруге асықты. Тіпті, кейбір отбасылар жаңа пәтерлерін жарқыраған жиһаздармен толтыруды ойластырып қойыпты.
Қоныс тойын тойлағалы отырған жаңа пәтер иелеріне «Сіздер осы күнді ұзақ күттіңіздер. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеп, тұрғын үйге мұқтаждарды баспанамен қамтуға көңіл бөлінді. Қасиетті Рамазан айында бүгін Елбасының қолдауымен жаңа баспанаға ие болып отырсыздар. Жаңа үйлеріңіз сәбилердің күлкісіне толсын, береке-бірлік арылмасын», - деді қала басшысы Сержан Жаңабекұлы.
Біз жаңа пәтерге ие болғандардың кейбірін әңгімеге тарттық.
Надежда Аюханова, Ұлы Отан соғысының ардагері:
- Көп жылдан бері жекежайда тұрып келдім.Тозығы жеткен баспанамнан жаңа үйге көшетініме қуаныштымын. Еліміздің көшбасшысы, халқымыздың қамқоршысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысымды айтамын. Алланың нұры жаусын.
Назым Барлыбай, жас отбасы мүшесі:
- Қаламыздың 30-шы орамындағы қызғылт сары түсті дербес тұрған көп қабатты тұрғын үйден маған да пәтер берілгендігіне бақыттан басым айналып тұр. Жаңа пәтерге ие болсам ғой, балаларым үйімізде асыр салып ойнаса екен деп көп армандушы едім. Рамазан айында Алла тағала тілегімді қабыл етті. Елбасымыз отбасымның қаншалықты риза екенін білсе ғой.
Роза Қапар, көп балалы ана:
- Балаларым бүгін бақытты. Осы күнді аңсап, асыға күткен болатын. Мемлекет басшысына аналық ақ тілегімді жаудырамын. Еліміз тыныш, мерекелі болсын, баспанаға мұқтаж өзге де жанұялар жаңа үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойласын.
Сондай-ақ, басылымның бұл санында «Несие мақұлданды» атты мақала жарық көрген.
Кәсіпкерлер палатасында шағын несиелеудің жаңа бағдарламасына қатысуға өтінім берген кәсіпкерлердің жобалары қаралды. Олар Ақсу, Балқаш, Кербұлақ аудандарының кәсіпкерлерінен түскен 7 өтінім. Несие комитетінің шешімі бойынша барлық өтінімдер бірауыздан мақұлданды. Еске салалық, шағын бизнес субъектілері үшін 600 млн. теңгені «Атамекен» ҰКП және Алматы облысы әкімдігі бөлді.
«Қант қызылшасын өсіру жайлы төрт жоба, мал шаруашылығы бойынша екі және жалпы сомасы 34 млн. 300 мың теңге арпа өсіру жөніндегі бір өтінім мақұлданды. Қарыз алушылар - шаруа қожалығы өкілдері және жеке кәсіпкерлер екендігін баса айту керек»,- дейді Алматы облыстық Кәсіпкерлері палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорына шешімдер хаттамалары берілді. Оларды қараған соң қаржы ұйымы қарыз алушылармен қарыз алу және ақша құралдарын одан әрі аударуға арналған кепіл шартын жасайды. Сонымен қатар, шағын несиелеу бағдарламасы бойынша қор 62 өтінім жөнінде қаржы-экономикалық талдау, заңгерлік сараптама жүргізеді. Жағымды шешім шыққан жағдайда жобаларды Несие комитетінің мүшелері қарайды.
Атап өтелік, комитеттің алғашқы мәжілісінде жалпы сомасы 75 млн. теңгеден астам 20 өтінім қаралды және мақұлданды. Бұл жобалардың барлығы өңірдің қызылша саласын дамытуға бағытталған. Шағын несиелеу бағдарламасының басты ерекшелігі - жер учаскелерін, тұрғын үй құрылыстарын және басқадай мүлікті кепіл ретінде қарау. Сондай-ақ, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 6,7%-дан аспайды.
Одан бөлек, газеттің осы санында «Келешекке кемел қадам» атты мақала басылды.
«Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Біз - азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл - Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт», - деп атап көрсетті. Алдымызда дамыған озық 30 елдің қатарына кірумен бірге «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру секілді толағай міндеттер тұр. Өткенге ой жүгіртсем, Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде не атқардым, елімнің өркендеуіне қандай үлес қостым, деген сауал кес-кестейді. Иә, егемендіктің елең-алаң шағында күрмеуі көп көптеген экономикалық қиындықтарға кезіккеніміз рас. Оның бәрі кешегідей көз алдымызда. Мемлекет басшысының тура жолдан адастырмай, алға жетелеуінің арқасында ширек ғасырлық мерейтойға да жетіп отырғанымызға шүкіршілік дейміз» делінген мақалада.
Сол кездері құрылған «Бабық-Бұрлық» ЖШС-і бүгінде облыстағы ірі астық шаруашылықтарының бірі. Біз де тәй-тәйләп өскен сәби құсап өсу, толысу, тәжірибе жинақтау кезеңдерін бастан кешірдік. Алғашқы қадамымызды кеңестік дәуірден қалған ескі «Нива», «Енисей» комбайндарымен, «ДТ-75», «Т-4», «Т-40», «ЮМЗ-6» тракторларымен бастадық. Қазір «ҚазЭкспортАстық» холдингінің құрамында жұмыс істеп жатқандықтан қолдау көрсетіледі.
Серіктестіктің иелігінде 25 мың гектар егістік пен жайылым бар. Жыл сайын дәнді және майлы дақылдар, біржылдық және көпжылдық мал азықтарын өсіріп, мол өнім алып келеміз. Астықтың гектар берекелігін 30 центнерге дейін жеткізген тұстарымыз болды. Шаруашылықта өндіріс көлемін арттыру мақсатымен техникалық қайта жарақтандыруға, қор үнемдеу технологиясын енгізуге, минералды тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау заттарын тиімді пайдалануға айрықша көңіл бөлінеді. Біздің мамандарымыз АҚШ, Канада, Германия секілді өркениетті елдерге барып, өндірістік тәжірибеден өтті. Сөйтіп, астық өндірісінің нөлдік технологиясымен жұмыс істеу тәжірибесін үйреніп келді. Соңғы жылдары сыйымдылығы 13500 тоннаға жетеғабыл 9 астық сақтайтын қондырғы іске қосылды. Серіктестіктің ғимараты мен машина-трактор паркін, наубайхана мен ауылдық клубты жылыту үшін заманауи қазандық орнатылды.
Кейінгі уақытта мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына белсене атсалысып келеміз. Компанияның қаржылық қолдауымен қазақтың етті ақбас сиырлары сатып алынды. Тұқым шаруашылығы мәртебесін иеленіп, мал басы екі мыңға жетті. Канададан 10 герефорд асылтұқымды аталық мал әкелінді. Мал сою және қолдан ұрықтандыру қосындары жұмыс істейді.
Серіктестік жекеменшік-мемлекет әріптестігі аясында шаруашылық аумағындағы мектептерге жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Төменгі Бұрлық ауылындағы дәрігерлік амбулатория қалпына келтірілді. Агроқұрылымның күшімен балабақша, Мәдениет үйі қалпына келтірілді. Жақсы Жалғызтау ауылында қоғамдық монша іске қосылды. Жастар үшін дәмханасы бар жазғы би алаңы ашылды. Жаңа стадион, «Арлан» жабық мұз айдыны, ауыл тұрғындары демалатын «Конституция алаңы» пайдалануға берілді.
Қат-қабат тіршіліктің жетегінде жүрсек те, ауылдықтардың әлеуметтік мәселелерін назардан тыс қалдырмаймыз. Жылыжайларда көкөністер өсіріліп, тұрғындар мен балабақшаға, мектепке қолжетімді бағамен босатылады. Бір сөзбен айтқанда, ел игілігі үшін атқарылып жатқан азды-көпті жетістіктерге бостандықтың ақ таңының арқасында қол жеткізгенімізді зор бақыт санаймыз. Келешекке кемел қадаммен баса отырып, ел ризығын еселей түсуге барлық күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз.
Сондай-ақ, «Қазығұртта лимон өсіріле бастады» деген хабар мақаласы да осы санда жарық көрген.
«Күні кешеге дейін шетелден тасымалданып келген лимон Оңтүстік жұрты үшін таңсық болудан қалды. Сарыағаш, Сайрам диқандары өсіріп келген цитрусті жеміс бүгінде таулы аудан саналатын Қазығұртта да жерсіне бастады» деп жазылған мақалада.
Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылының тұрғыны Оспанәлі Тақсықбаев жылыжайға отырғызған 640 түп лимон ағашының әрқайсысынан 17-18 кило аралығында жеміс жинап алды.
Аса мықты дәрумендер қатарына жатқызылатын лимонның бағасы да көңілдегідей. Диқан жинап алған он бір тонна лимоннан түскен табыс оны қанаттандырып, жылыжай көлемін тағы да арттыруға бел байлатып отыр.
Сарыағаштағы тәжік орта мектебінің директоры еккен лимон туралы газетімізде бұрынырақта жазған едік. Әуелде қан қысымын төмендету мақсатында еккен отбасы лимонның үлкен пайда көзі екендігіне көз жеткен. Бүгінде олардың өнімін жыл сайын Ресей кәсіпкерлері көтерме бағамен алып кетеді.
Осылайша, лимон жемісі ащы болғанымен, табысы тәтті болып тұр.
«Аграрлық білімді жаңғырту арналары». Бұл тақырыппен басылған мақалада Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің қорытынды отырысы туралы жазылған.
Кеңес жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аймағының 10 елінен келген 30-дан аса жоғары оқу орындарының ректорлары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері, Қазақстанның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, эксперименталдық-тәжірибелік шаруашылықтардың және ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.
Келелі кеңес «Аграрлық білімнің ТМД кеңістігінде жаңғыруы» тақырыбында өтті. Атап айтқанда, жаңа аграрлық мамандықтарды ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологияларды әзірлеу және таратудың заманауи, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру, әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану секілді бүгінгі таңда аса маңызды мәселелер талқыланды.
Мемлекеттік хатшы өзінің кіріспе сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сын-қатері қатарына жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер жататындығын айтқандығын жеткізді. Сондықтан, ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының басты шарты болып табылады.
ТМД елдерінің агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуында ғылыми әзірлемелер мен зерттеулерге үлкен мән беріледі. Бұл жерде 2003 жылы құрылған ТМД аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің маңызы зор. Аталған кеңес кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қайта дайындау, ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары оқу-әдістемелік бірлестіктерінің өзара қарым-қатынасын және басқа да халықаралық ұйымдармен байланыс орнату арқылы жоғары оқу орындарының өзара ынтымақтастығын ұйымдастыру аумағындағы жұмыстарды реттейді.
Аграрлық жоғары оқу орындарының басшылары жоғары оқу орнын ұлттық зерттеу университетіне трансформациялау, аграрлық өнеркәсіп саласында ғылым, білім және өндіріс интеграциясы механизмдерін дамыту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту және тағы да басқа маңызды мәселелер тұрғысында тәжірибелерімен алмасты.
Г.Әбдіқалықова кеңес барысында ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды дамыту мен алмастыру үшін нысаналы ізденіспен айналысатын университет жанынан құрылған Агротехникалық хабты басқарудың ұйымдастырушылық құрылымымен танысты. Ауыл шаруашылығы ғылымының теориясы мен тәжірибесі арасындағы байланыстырушы буын ретінде танылған мұндай хабтар бүгінгі таңда АҚШ, Аргентина, Бразилия, Израиль және Австралия елдерінде табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ұшқышсыз ұшатын аппараттар - дрондармен ауыл шаруашылығы алқаптарын алдын ала тексерумен айналысатын Тұрақты егін шаруашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысты.