Рамазан - он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай - «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев

Бұл айдың басты екі ерекшелігі бар. Оның бірі, Алла Тағала исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етсе, екіншісі адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілген. Осы қасиетті Рамазан айының қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы Қалижан Заңқоевпен сұхбаттасқан еді.
- Құрметті Қалижан Байырбекұлы, Ораза айына да санаулы күндер қалды. Осы ретте ораза тұтып, ауыз бекітуге ниет еткен исі мұсылман үмметіне айтарыңыз.
- Бисмиллаһир Рахманир Рахим, барлық мақтау Аллаға және ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жаратқанның сәлемі мен салауаты болсын! Исі мұсылман баласының ең қасиетті айы - Рамазан қарсаңындамыз. Осы сәтті пайдалана отырып барша қазақстандықтарды мүбарак Рамазан айымен құттықтаймын. Алла Тағала әрбір шаңыраққа рақымет айы Рамазанның құт берекетін сыйласын. Халқымыз иманды, отанымыз әрқашан да аман болсын!
- Ораза жайлы жалпы мәлімет беріп кетсеңіз?
- Ораза һижраның екінші жылы, шағбан айында парыз етілді. Насаи хадис жинағында Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айы келгенде сахабаларына мынаны айтқан:
قد جاءكم شهر مبارك افترض الله عليكم صيامه, تفتح فيه أبواب الجنة, و تغلق فيه أبواب الجحيم, و تغلّ فيه الشياطين, فيه ليلة خير من ألف شهر, من حرم خيرها فقد حرم.
Мағынасы: «Ақиқатында Аллаһ Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл жәннат есіктері ашылатын, жаханнам есіктері жабылатын және шайтандар шынжырланатын ай. Осы айда мың айдан қайырлы түн бар. Кімде кім осы түннің жақсылығынан құр қалса, барлық жақсылықтар мақұрым болғаны», деген екен.
Рамазан оразасы Ислам дінінің негізін құраушы бес анықтың бірі. Оразаның дәрежесі намаз, зекет және қажылық ғибадаттарымен бір. Бұл оразаны ешбір үзірлі себепсіз тұтпаған мұсылманға үлкен күнә жазылады. Өйткені Рамазан оразасы ата дініміздің бес діңгегінің бірі. Оны қасақана орындамау үлкен күнә, ал «ораза шал мен кемпірдің, жұмысы жоқтың ермегі» дегендей сөздер айтып, жүрегімен мүлдем мойындамайтын болса ол діннен шығады. Себебі тікелей әмір етілген Құран үкіміне қарсы шығу, адамды діннен шығарады.
- Биыл ораза қашан басталады және қанша күн тұтылады?
- 2012 жылы Рамазан айының бірінші күні 20 шілдеге тұспа-тұс келіп отыр. Араб күнтізбесі айдың туып-толуына негізделген. Сондықтан, араб айлары 29 және 30 күндік болып келеді. Биыл Рамазан айы отыз күнге жалғасады. Ораза айт намазы 19 тамыз күні сағат 07.00-де оқылады. Пітір садақаның ақшамен шаққан бағасы кісі басына 150 теңге. Осы жерде айта кетерім, айт намазы және пітір садақа мөлшері әр облыс пен аймақта дербес анықталады.
Қасиетті Құранда:
فمن شهد منكم الشهر فليصمه., деп жазылған.
Яғни: «Сендердің қайсы бірің (жаңа туған) айды көрсе, ораза тұтсын», деп әмір етілген.
Құранның бұл бұйрығын Қос хадис имамдары Бухари және Муслим еңбектерінде кеңірек етіп былай баяндайды:
صوموا لرؤيته, و أفطروا لرؤيته فإن غمّ عليكم فأكملوا عدة شعبان ثلاثين يوماً.
Мағынасы: «Айды (туған) көріп ораза тұтыңдар. Айды (туған) көріп айттаңдар. Егер аспан бұлтты болса шағбан айын отыз күнге толтырыңдар», деген.
Мұсылман күнтізбесінде ай күндері жиырма тоғыз және отыз күндік болып келеді. Рамазан айынан алдынғы шағбан айының соңғы күндері айдың туылуы күтіледі. Егер шағбанның жиырма тоғызыншы күні жаңа ай туса, ертеңгі күн Рамазанның бірінші жұлдызы болып есептеледі. Ал, шағбанның соңғы күндері ауа райы бұлтты болса, шағбанды толық отыз күнге толтыру қажеттігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып тұр. Осы хадис негізінде ел арасында сенімге ие болған бір кісінің ай туды деп хабарлауымен жұрт ауыз бекітуі шарт.
Ал, біздің заманымызда ауа райын болжау стансалары бар. Онда тәжірибелі мамандар қызмет етуде. Қазіргі таңда намаз кестесі мен Рамазан күні аталған станса мәліметі негізінде жасалады.
Ал, енді кейде мұсылман елдерінде Рамазанның басталуы бір күн алда немесе кейін болып жатқан жайттар бар. Бұл заңды құбылыс. Себебі бір мемлекеттің өзінде күннің шығу және бату уақыты әр түрлі болып келеді. Сол секілді жаңа айдың тууында да айырмашылықтар болады.
- Ораза қандай адамға парыз?
- Ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған және денсаулығы ауыз бекітуге жарайтын әрбір мұсылманға ораза тұту парыз. Денсаулық демекші, созылмалы асқазан ауруы бар, қан диабетіне шалдыққан және де басқа дәрігерлер кеңесі бойынша тәулігіне ас сусыз жүруге болмайтын адамдар ораза тұтпауына рұқсат етіледі. Сондай ақ, жүкті және емізулі баласы бар әйелдер және сапарға шыққан жолаушы ораза тұтпауына болады. Алайда, науқас ауруынан айыққан соң, әйел баласын сүттен шығарғаннан кейін және жолаушы сапары біткен соң, оразаның жіберіп алған күндерін тұтуға міндетті. Ал, мүлдем ораза ұстай алмайтын адам яғни, созылмалы ауруы бар науқас фидия беріп, оразасын өтейді. Фидия Рамазанның әр күні үшін бір міскінді тамақтандыру. Алайда, бұған шамасы келмейтін адамға, ораза да, фидия да мойнынан түседі.
- Тәуелсіздік алғалы бері ораза ұстайтын мұсылмандар саны көбейіп келеді. Оразаның денсаулыққа өте пайдалы екенін біліп тұтып жатқандар бар. Ауыз бекітудің басқа да пайдалы тұстарын айта кетсеңіз?
- Хадис ғалымдарының барлығының еңбектерінде кездесетін мына пайғамбарымыздың сөзінде:
من صام رمضان إيماناً واحتساباً غفر له ما تقدّم من ذنبه.
«Кімде кім Рамазан айында шынайы иманмен және сабырлық танытумен ораза тұтып шықса, оның өткен (кіші) күнәлары кешіріледі», деген. Бұл хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен.
Адам баласы болған соң ұсақ түйек қателіктер жасап қоямыз. Міне, Рамазан тек асқазанға дамыл беріп, денсаулықты түзету ғана емес. Жан дүниемізді тазарту. Рухани денсаулығымызды емдеу.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза жайлы бір сөзінде былай деген:
من لم يدع قول الزور و العمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه و شرابه.
Мағынасы: «Кім жаман сөз бен жаман іс әрекеттен тыйылмаса, оның тамақ жемей және су ішпей отырғанының Аллаға керегі жоқ», деген. Демек, шариғатқа келмейтін әрбір сөз бен іс әрекет бұл рухани құлшылықтың сауабынан мақұрым етеді. Оразаның мақсаты тәрбиелеу. Адамның жан дүниесін түрлі жат қылықтар мен жаман әдеттерден тазарту.
Оразаның осы қағидаларын басшылыққа алып, ауыз бекіткен мұсылман баласы нағыз ораза құлшылығының дәмін татары анық.
Бұл ғибадаттың тағы бір пайдасы. Қоғамдық және әлеуметтік проблемаға мән беру. Басқаша айтқанда өзіміз өмір сүретін қоғамдағы мұқтаж адамдардың тұрмысына жәрдем етуді үйренеміз. Күнде үш мезгіл тамақ жеп, жылы пәтерде өмір сүретін адамға аш қалу, суықта тоңу деген сөздердің мағынасы беймәлім. Сондықтан бір үзім нан сұраған адамға жиіркене қарайтындар да кездеседі. Ал, ораза қоғамдағы бай мен кедей арасындағы көзге көрінбейтін пердені алып тастаушы қасиеті бар.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
- Алла Тағала қазақ елін ынтымақты да берекелі, ал ата дінімізді өркендете берсін!