Рамазан Оразов мансабын Словенияның тағы бір клубында жалғастыруы мүмкін
Қазақстандық футболшы Рамазан Оразов Словения чемпионатында мансабын одан әрі жалғастыруы мүмкін. Оған сол елдің «Целе» командасы қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл жөнінде словениялық «Копер» клубының спорт директоры Ивица Губерац мәлім етті.
Қазақстандық жартылай қорғаушы 2023 жылдың жаз айынан бастап аталған клубтың намысын қорғап келді.
«Целе» биыл ел чемпионатында көш бастап тұр. Былтыр күміс жүлдегер болса, 2019/20 жылғы маусымда жеңіс тұғырына көтерілді.
«Целе» басшылығы тарапынан Рамазан Оразовқа қатысты ұсыныс жасалды. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардың қызығушылығы бар, шешімін күтеміз», — деді Губерац.
«Копер» Рамазан Оразовты жаңа клубына тегін беруге ниет танытып отыр. Негізінде оның келісімшарт мерзімі 2025 жылдың маусым айында аяқталады.
Рамазан Оразов «Копер» сапында 12 ойынға қатысып, бір голдың авторы атанды. Команда қазір ел чемпионатында 19 турдан кейін үшінші орында келеді.
Рамазан Оразов 1998 жылдың 30 қаңтарында дүниеге келген. Бірқатар қазақстандық клубтарда, Латвия, Ресей командаларында ойнаған.
Ұлттық құрама сапында 2021 жылдан бері 22 ойынға қатысып, бір мәрте мергендік танытты.
Еске салсақ, бұдан бұрын еуропалық клуб Рамазан Оразовтың ойынына көңілі толмай, келісімшартты бұзатынын хабарлаған едік.
Сондай-ақ әлемнің ең қымбат футбол клубтарының тізімі жарияланды.