Расул өте талантты, сезімтал, өнерлі әрі жан-жақты жан еді - Ә. Абдрахметова

Ол 2-3 жасынан бастап сурет салумен айналысты. Қаншама сурет үйірмелеріне берсем де, олардан қашып кетіп, өз бетімен сурет салғанды ұнататын. Сөйтіп жүріп ешкімге ұқсамайтын өз стилін тапты. Сұм ажал оны бұл өмірден ерте алып кетсе де, бүгінгі шара Расулдың артында өшпес із қалдырғанының дәлелі.
Бұл туралы бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының «Құланшы» қазіргі заман өнер орталығындағы «Тағдыр жолы» атты Расул Абдрахметовтың жеке көрмесінде Расулдың анасы Әлия Абдрахметова айтты.
Расул қамшының сабындай қысқа ғұмырында көптеген мамандықтарды игеріп үлгеріпті. Тележүргізуші және тележурналист курсын, Кембридждің Өнер мен дизайн, музыка мен театр өнері саласындағы мамандандырылған дайындық мектебін, Италиядағы Еуропалық дизайн институтын «графикалық дизайн» мамандығы бойынша, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және ТВ» факультетін «анимация режиссурасы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ал 2011 жылы Сан-Францискодағы Өнер академиясына «Анимация және визуалдық эффектілер» курсына қабылдау конкурсына құжат тапсырып, іріктеу турынан өтеді. Сол жылы 22 қыркүйекте Астана қаласындағы Әл-Фараби мен Бағанашыл көшелерінің қиылысында көлік соғып кетіп, небары 23 жасында қаза тапты.
Расул сурет салуда негізінен кәдімгі қара қарындаш пен ақ парақты пайдаланған. Ол махаббат, өмір тақырыбына, сондай-ақ қазіргі жастарды көбірек тартатын фэнтези жанрына қалам тербеген. Оның суреттерінде ақ пен қараның мәңгі бітпес итжығыс күресі мен адамдар арасындағы достық шебер суреттеледі.
Көрмеге жиналғандар Расулдың «әлеміне» бойлап, тылсым өнерінен әрқайсысы өзінше ой түйіп қайтты.