Расул Рысмамбетов: Үкімет үш жылдық бюджет арқылы адамдарға инвестиция салып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов 2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шығыс бөлігі туралы пікір білдірді.
«Бұл жерде Үкіметтің жоспары бар да, нақты фактілер бар. Осы тұрғыдан алсақ, Үкіметтің жоспарын жақсы деуге болады. Өйткені үш жылдық бюджеттің шығыс бөлігінде әлеуметтік бағдардағы шығындардың ауқымы айтарлықтай кеңейтілген. Білім беру гранттарының, медицина сапасын жақсартуға бөлінетін шығындардың кеңейгенін көріп отырмын. Әлеуметтік бағыттағы шығындардың көлемі 10 трлн теңгеден асатын шығар деп ойлаймын... Сондықтан алдағы үш жылдан қазақстандықтар әлеуметтік қолдаудың артуын күте алады», - деді сарапшы.
Қаржыгер Үкіметтің бұл ұстанымын азаматтарға салынған инвестиция деп бағалауға болатынын айтады.
«Өйткені медицина, білім салаларына бөлінген ақша болашаққа салынатын инвестицияның бір түрі болып есептеледі. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға қолдау күшейе бермек. Алдағы үш жылдан осы бағыттағы өзгерістер күтуге болады деп есептеймін», - деді Расул Рысмамбетов.
Еске салайық, кеше Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылданды.
Құжатқа сүйенсек, денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде биылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,4 трлн теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген.