Рауан Кенжеханұлы: Қазақ тіліндегі 100 оқулық қоғам үшін өте маңызды
«2017 жылы Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» атты ауқымды кешенді бағдарлама қолға алынды. Оның негізгі бағыттарының бірі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталады. Ол жобаның мақсаты – дүниежүзіндегі ең танымал, атақты әрі беделді оқу орындарында қолданылатын әлемдік авторлардың оқулықтарын қазақ тіліне аударып, біздің оқу орындарына жеткізу. 2017 жылдан бері 2020 жылдың аяғына дейін 100 оқулық толықтай аударылып, әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздегі барша жоғары оқу орындары кітапханаларына жетті», - деді Р. Кенжеханұлы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, оқулық іріктеген кезде қазақстандағы ЖОО-лардың ұсыныстары ескерілді. Жалпы саны 800-ден астам ұсыныс келіп түскен.
«Ұлттық комиссиясының жанындағы жұмыс тобы осы оқулықтарды қарап, сараптап, аударылуы тиіс оқулықтардың критерийлерін шығарды. Сол талаптардың негізінде оқылықтар іріктелді. 100 оқулықты 1 жылда аудару мүмкін емес екені түсінікті. Алғашқы жылы 17 оқулық, одан кейін – 30, содан кейінгі жылы тағы 30 оқулық, соңында қалған 23 оқулық аударылып, жоба мәресіне жетті», - деді атқарушы директор.
Оның сөзіне қарағанда, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен осы жұмысты атқаруға жалпы саны 300-ден аса маман қатысты. Аударма сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға танымал қаламгерлер, білікті редакторлар мен ең тәжірибелі баспагерлер тартылды.
«Ұлттық аударма бюросы» әлемнің ең беделді, әрі танымал ғылыми орталықтарымен байланыс орнатты. Дүниежүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бағдарламалары зерттеліп, қолданыстағы ең жақсы деген оқулықтарға қол жеткізу үшін Гарвард, Кембридж және Оксфорд университеттерінің баспалары, «Sengage», «Pearson», «McMillan», «Penguin» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен серіктестік орнатылды.
«Жоба аясында аударылған оқулықтарды қысқаша таныстырып өтсек, бірінші кезекте батыс пен шығыстың интеллектуалдық тарихын бірдей қамтыған философия топтамасын атау қажет. Мұнда атақты Бертран Расселдың «Батыс философиясының тарихы», Энтони Кеннидің 4 томдық жинағы, Сократтан Деридаға дейінгі философияның қысқаша тарихы, Ислам философиясы мен классикалық араб ойшылдарының антологиясы, Жапон, Үнді және Қытай философиясы толық қамтылды. Әлеуметтану және психология топтамасында Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Майерстің «Әлеуметтік психология» оқулығын, Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз» атты еңбегін, Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» аударылды. «Халық саны және қоғам: демографияға кіріспе», «Интернет психологиясы» оқулықтары бұрын бізде болмаған жаңа пәндерге негіз қалады», - деді Рауан Кенжеханұлы.
Тіл білімі және әдебиеттану бағытында аударылған оқулықтар қатарында Стивен Пинкердің «Тіл – инстинкт», Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспесін» және Майкл Райанның 5 томдық «Әдебиет теориясы» атты жинағы бар.
Бұдан бөлек, Экономика, менеджмент және кәсіпкерлік топтамасында микро және макроэкономика, Грегори Мэнкьюдің «Экономиксі», Филип Котлердің «Маркетинг принциптері», «Стартегиялық менеджмент», «Ұйымдық мінез-құлық», «HR менеджмент» пен «CRM: тұтынушымен қарым-қатынас менеджменті», «Кәсіпкерлік», «Жеке қаражат», «Мемлекеттік қаржы», «Көшбасшылық теориясы мен практикасы», «Халықаралық бизнес», «Нәтижелі келіссөз: алғышарты мен амалдары» және осы бағыттағы басқа да бірқатар оқулықтар қазақ тілінде алғаш рет шықты. Соның арқасында қазақстандық бизнес-мектептер тұңғыш қазақ тіліндегі MBA бағдарламасын ашуға мүмкіндік алды.
Тарих, антропология және дінтану бағытында МакГроХил баспасы дайындаған адамзат тарихын толық қамтыған, екі томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы», «Тарихи білім пәні мен зерттеу әдістері», «Антропология тарихы мен теориясы», Энтони Смиттің «Ұлттың этностық тамыры» атты зерттеуі, сондай-ақ, Керон Армстронгтың әлемге әйгілі (History of God) деген еңбегі қазақша «Құдайтану баяны» деген атпен алғаш рет шықты.
«Аударылған 100 оқулық аясындағы ғылыми терминдер мен ұғымдар негізінде 4 жаңа сөздік құрастырылды. Олар: «Әлеуметті ғылымдар сөздігі», «Экономика сөздігі», «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» және Оксфорд университеті баспасымен бірге дайындалған, «Oxford Qazaq Dictioanry» атауымен шығатын 500 мың сөз бен сөз тіркесін қамтитын үлкен «Ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігі». Біздің ойымызша, осының барлығы біздің білім мен ғылым үшін, қоғам үшін өте үлкен олжа», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісі аясында гуманитарлық білім саласында қазақ тіліндегі 100 оқулық таныстырылды.