Раушан Әміренова: Мемлекеттік тілді білу – қоғам қажеттілігі

«Әр мәдениетті азамат үшін өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін білу парыз. Халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, рухани байлығын білу – адамда халыққа деген құрмет сезімін оятады. Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолданылуы – ұлтты біріктіруге жетелейтін фактор екені баршамызға мәлім», - деді Раушан Әміренова.
Сонымен бірге ол Қазақстан тіл мәселесінде ақырын жүріп, анық басып келе жатқан ел екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл көздеген мұратқа, белгіленген межеге жетудің дұрыс жолы екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
«Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі деген жөн болар. Тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өзінің азаматтық міндетін атқарғанда ғана ол нәтижелі болатынына күн сайын көз жетіп келеді.
Өзіміздің парызымызды адал орындап, қазақ тілі ғұмырының мәңгі болуына үлес қосайық», - деп түйіндеді Раушан Әміренова.