Равшан Назаров: Түркі мемлекеттері ұйымы – серпінді дамып келе жатқан интеграциялық жоба
3 қарашада елімізде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Х мерейтойлық саммиті өтеді. Осы орайда саясаттанушы, Өзбекстан Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров Астанадағы келелі кеңесте қандай мәселелер көтеріліп, ұсыныс айтылуы ықтимал екеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сөз басында сарапшы өткен Самарқанд саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасы негізінде аталған ұйым осы жылды Түркі өркениетінің даму жылы етіп жарияланғанын еске салды.
«Соныдықтан алдағы саммитте осы жылдың қорытындысы жарияланады. Әсіресе осы жыл ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы негізінде көптеген қызықты оқиғалар мен іс-шаралар өтті», - деп мәлім етті Равшан Назаров Kazinform тілшінің сауалына жауап бере отырып.
Саясаттанушының айтуынша, жыл басынан бері ТМҰ аясында мынадай маңызды ic-шаралар өтті:
- ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қаңтар айында Ташкентке сапармен келіп, Өзбекстан Президентінің қабылдауында болып, институционалдық реформа жүргізу, жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігін құру, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқылады;
- Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер ірі жер сілкінісі болған Түркияға жан-жақты қолдау көрсетті;
- Наурызда Анкарада «Төтенше жағдайларды басқару және гуманитарлық көмек» тақырыбында кезектен тыс саммит өтті. Оның барысында 3 маңызды құжатқа - саммиттің Анкара декларациясына, Азаматтық қорғау тетігін құру шешіміне, Түркі инвестициялық қорын құру келісіміне қол қойылды;
- Наурыз айында Ташкентте ТМҰ, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасының халықаралық қоры және Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясының қолдауымен джадидтер мұрасын зерттеуге арналған халықаралық форум өтті;
- Сондай-ақ, наурызда Бакуде Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері, ТМҰ Бас хатшысы қатысқан саммит өтті;
- Мамыр айында Түркиядағы президент сайлауында Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Алғашқылардың бірі болып оны ТМҰ елдерінің басшылары құттықтады;
- Шілде айында Өзбекстандағы президент сайлауында Шавкат Мирзиёев жеңіске жетті. Бұл жолы да ТМҰ елдерінің президенттері Шавкат Мирзиёевті алғашқы болып құттықтады;
- Тамыз айында Венгрия астанасы Будапештте Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан, Түркия басшыларының кездесулері өтті;
- Қыркүйек айында Душанбеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 5-ші Консультативтік кездесуі өтті. Оған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев алғаш рет қатысты.
Сарапшы Өзбекстанды мысалға келтіре отырып, ұйым елдері арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды даму көрсеткіштеріне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Өзбекстанның Қытай мен Ресейден кейінгі ең негізгі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Биыл 9 айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 3 млрд доллардан асты.
Жыл сайын Түркиямен арадағы өзара сауда-саттық көлемі артып келеді. Тек былтырдың өзінде 370 жаңа бірлескен кәсіпорын құрылды.
Өзбекстан мен Венгрия құс кластерін құрып, әуекомпания ашып, дәрі-дәрмек, компоненттер мен химиялық өнімдер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Әзербайжан мен Өзбекстан энергетика, химия, көлік, машина жасау, құрылыс салаларында ынтымақтастықты дамыта түспек.
«Алдағы саммитте қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайда Түркі әлемін одан әрі ілгерілету қажеттілігі, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл деңгейін одан әрі арттыру мәселелері көтеріледі. Сондай-ақ, Таяу Шығыс қақтығысының қазіргі жағдайы жайлы пікір алмасу, ұстанымды нақтылау бойынша мәселелер болатыны сөзссіз», - деп атап өтті Равшан Назаров.
Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінде Еуропалық Одақтың алғаш құрылған кезеңдегі интеграция жолынан өтіп жатыр. Одан әрі тиімді даму үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, энергетикалық мәселелерді еңсеру сияқты негізгі міндеттерді шешу қажет.
«Сондықтан күн тәртібінде ұйым қызметін өзге де ынтымақтастық форматтармен ұштастыру мәселесі тұруы керек. Мәселен, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 5-ші консультативтік кездесуіне қатысуы осының жарқын көрінісі болды деп санаймын. Келесі кездесуге Түркия президенті де құрметті қонақ ретінде шақырылуы мүмкін. Жалпы, Түркі мемлекеттері ұйымы қазіргі уақытта маңызды әрі серпінді дамып келе жатқан перспективалы халықаралық интеграциялық жоба», - деп түйіндеді Равшан Назаров.
Қорытындылай келе, саясаттанушы Қарағанды облысындағы шахтада болған апат кезінде қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына және бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтты.