Райымбек Баталов меморгандардың жүгері өндірушілер дабылына дер кезінде ден қоймағанын сынады
АСТАНА. KAZINFORM – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов Сауда және интеграция министрлігінің алқа мәжілісінде жүгері өндірушілердің дабылына ведомствоның дер кезінде ден қоймағанын айтып, сынады.
«Біз қазір бизнес сапалы сараптаманың тапшылығынан қиындықтар көріп отырғанын көріп жүрміз. Ұлттық палата ретінде бұл мәселені QazTrade сияқты құрылымдармен жеке қарау керек деп топшылаймыз. Нақты кейс те бар. Жүгеріні алайық, өнімділік болды, баға құлап, сату қиындады. Астықпен де осылай болды. Сата алмай отырмыз. Осы жерден сұрақ туады. Біздің QazTrade сияқты институттар, қауымдастықтар, кеңестер қайда? Жалпы алғанда, өзіміз қандай да бір сараптама жасап жатырмыз. Бірақ сауда саласына жауапты орган ретінде сіздерден де көмек керек. Талдаулар негізінде әр жағдайға икемді ден қою қажет сияқты. Бірінші кезекте, трендтер анализі жетіспейді. Тым болмағанда Қазақстанда өндірілетін тауарлардың сұранысын нақты талдай алуымыз керек. Өсімдік шаруашылығы, астық өндірісі, бұл жолы жүгері өндірісі осыдан зардап шекті. Бізге мұндайда жедел, жылдам шешім керек – ұзақ уақыт өнімді сақтап отыра алмаймыз. Тек осы маусымға тариф мәселесін шешіп берсе деген сияқты ғой. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» көршілес Қытай нарығымен жылдам келісіп, түйткілді шешсе болар еді. Отандық бизнестің тынысы осындай мәселелерді қаншалықты жылдам шешкенімізге байланысты», - деді палата басшысы.
Сондай-ақ, ол бизнес үшін техникалық реттеу, стандарттау мәселесі де өте сезімтал екенін атап өтті.
«Мұндай реттеу төменнен жоғары қарай жүру керек. Бізде сәл-пәл олай емес. Әзірленген стандарттардың жартысынан көбі қолданылмайтынын көріп жүрміз. Бұл жерде тәсілдерді қайта қарау керек шығар. Тауардың шыққан жері туралы сертификат мәселесі, STKZ, индустриялық сертификат, отандық өндірушілер тізілімі бойынша, ашығын айтқанда, өкінішке қарай, ахуал түбегейлі өзгеріп жатқан жоқ. 5 тауар бойынша ережелер қайта қаралған болатын. Біз қаңтарда №454-бұйрық бойынша, өндірісті жергілікті орынға шоғырландыру деңгейлерін енгізу бойынша қайталап хат жолдадық. Қазір Үкіметте, Премьер-Министр мәселені тіпті төтесінен қойып отырғанын көріп жатырмыз. Қазір жүргізіліп жатқан жұмыс мүлдем көңіл көншітпейді. Тура айтсам, кешірім сұраймын. Бірақ бұл жұмысқа мүлдем көңіл толмайды», - деді Райымбек Баталов.