«Реал Мадрид» алтыншы мәрте UEFA суперкубогына ие болды

АСТАНА. KAZINFORM - Франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе «Реал Мадрид» сапындағы алғашқы ойынында гол соғып, футболдан UEFA суперкубогына ие болды. 

реал мадрид
Фото: championat.com

Испаниядық клуб аталған турнирде Италияның «Аталанта» клубымен шеберлік байқасты. 
Биыл «Реал Мадрид» Чемпиондар лигасын жеңіп алса, «Аталанта» Еуропа лигасында жеңіс тұғырына көтерілді.

Кездесу барысында испаниялық клубтан Федерико Вальверде 59-минутта есеп ашса, Килиан Мбаппе 66-минутта мергендік танытты. Бұл - франциялық футболшының корольдік клуб сапындағы алғашқы голы.

Килиан Мбаппе «Реал Мадрид» клубына биыл еркін агент ретінде ауысты. Жаңа командада 9 нөмірмен ойын көрсетеді. Ол жаңа клубпен 2029 жылға дейін келісімшартқа отырды. 
Осылайша қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірген испаниялық команда өз тарихында алтыншы мәрте кубокты көтерді.

Нітижесінде «Реал Мадрид» екі рекордты жаңартты. Алты дүркін чемпион атанған олар бұл жөнінен «Барселона» (Испания) мен «Милан» (Испания) клубтарын басып озды.  Ал испаниялық клубтың бас бапкері Карло Анчелотти бас бапкер ретінде бесінші мәрте суперкубок иегері атанды.

Соңғы жаңалықтар