«Реал Мадрид» Испания кубогында төменгі лиганың командасынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - «Реал Мадрид» футбол клубы 2025/26 жылғы маусымдағы Испания кубогында «Альбасете» командасынан жеңіліп, жарысты 1/8 финалда аяқтауға мәжбүр болды.
«Альбасете» командасы қазір Испанияның екінші лигасы санатындағы Сегундада ойын көрсетеді.
Кездесу барысында корольдік клуб сапында алғашқы минуттан негізгі құрамның бірнеше ойыншысы жасыл алаңға шыққан жоқ. Десе де бапкерлер құрамы Винисиус Жуниор, Арда Гюлер, Федерико Вальверде сынды үздіктерге сенім білдірді. Екінші кезеңде Давид Алаба, Эдуарду Камавинга, Даниэль Карвахаль құрамды толықтырды. Соған қарамастан кездесу барысында мадридтік футболшылар қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді.
Корольдік клуб сапынан Франко Мастантуоно мен Гонсало Гарсия мергендігімен көзге түссе, «Альбасете» командасынан Хави Вильяр мен Хефте Бетанкор (екі гол) гол соқты. Осылайша испаниялық маман Альваро Арбелоа «Реал Мадрид» бас бапкері қызметіндегі алғашқы ойынында жеңілістің ащы дәмін татты. Ол Испания суперкубогындағы сәтсіздіктен кейін қызметінен кеткен Хави Алонсоны алмастырған еді.
Айта кетсек, Испания суперкубогында мадридтік команда қарсыласына 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Африка кубогының финалистері белгілі болғанын жаздық.