«Реал Мадрид» Орталық стадионда жаттығу өткізді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – УЕФА рейтингінде көш бастап тұрған «Реал Мадрид» клубының ойыншылары Алматының Орталық стадионында жаттығу жасады.

футбол, стадион Алматы
Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Футболшылар алдымен алаңды бірнеше айнала жүгіріп өтіп, одан кейін қыздырыну және созылу жаттығуларына кірісті. Кейін «Реал Мадрид» ойыншылары үш топқа бөлініп, доппен жұмыс істеді.

футбол, стадион Алматы
Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Жаттығу алдында өткен баспасөз мәслихатында испаниялық клуб ойыншысы Федерико Вальверде Алматы мен жанкүйерлер жайлы алғашқы әсерімен бөлісті.

- Қазақстанда осыншама «Реал Мадрид» жанкүйерін көргеніме қуаныштымын. Әрине, біз үшін мұндай қолдау үйреншікті жағдай. Бірақ түнгі уақытта әуежайда көптеген адамдардың қарсы алуы – қуантарлық жайт. Футболдағы ең жағымды сәт – Испаниядан осыншалықты алыс елде де қолдау табамыз, – деді Вальверде.

футбол, стадион Алматы
Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Орталық стадионда өтеді.

Еске салайық, бұған дейін «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо «Қайратқа» қарсы өтетін ойынға қатысты пікір білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар