«Реал Мадридтің» Алматы туралы видеосын миллиондаған пайдаланушы тамашалады

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның әйгілі «Реал Мадрид» футболшылары Қазақстанға келген соң клубтың ресми Instagram парақшасында Алматы қаласы туралы екі бейнеролик жариялаған.

Қайрат - Реал Мадрид
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қаланың сұлулығын бейнелейтін екі ролик аз күнде 20 миллионнан астам қаралым жинап, 100 мыңнан аса адам пікір қалдырған.

Видеоларда Алматының басты нышандары — Панфиловшылар саябағындағы Вознесенск соборы, өнер қайраткерлерінің ескерткіштері және «Көк Төбе» панорамалық саябағынан қалаға қарайтын әдемі көрініс бейнеленген. Роликте қолына домбыра ұстап, әуендетіп тұрған қазақтың қара домалақ азаматы мен құстардың ерекше үні де байқалады. Ал қазақстандық жанкүйерлер елімізді «Реалдық» футболшылардың әлеуметтік парақшасынан көреміз деп ойламадық дейді.

— Қайран, туған жерім! Реал парақшасынан Алматыны көремін деп ойламадым. Енді бізді миллиондаған шетелдіктер тануда, — деп атап өтті олар.

Әлемдік спорт жанкүйерлері үшін футболшылар ғана емес, еліміздің оңтүстік астанасы Алматы да басты назарға ілікті. Себебі роликтен кейін қаладағы тарихи әрі туристік орындарды көргісі келген оқырмандардың саны артқан.

Еске салсақ, 30 қыркүйекте UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің екінші турында қазақстандық «Қайрат» (Алматы) испаниялық «Реал Мадрид» (Испания) командасын қабылдады. Алайда «Қайрат» өз алаңында мадридтік «Реалдан» ірі есеппен жеңілді.

Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо Алматыда «Қайрат» футбол клубын 5:0 есебімен жеңгеннен кейін ойын туралы қысқаша пікір білдірді.

Бұдан бұрын «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуіне әлемдік БАҚ пікірі қандай екенін білдік.

Соңғы жаңалықтар