Ребровка және Қаракөл ауылдары карантинге жабылды, бұл жерде сібір жарасы «оянды» - Павлодар облысы

ҚазАқпарат хабарлағандай, маусымның 19-ы күні сібір жарасын жұқтырды деген бес адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған болатын. Олардың ішіндегі мал бағатын ер адам келесі күні көз жұмған.
«Барлығы маусымның 11-і күні Ребровкадағы жеке шаруашылықтардың бірінде ауру өгізді союдан басталған. Мамыр айының соңына бұл жерде бес мал өлген. Малды малшылар сойғызып, етін көршілес Қаракөл ауылының тұрғындарына да таратқан.
Ауылдық округтағы мал дәрігерлері малдардың қырылғандығы туралы білмеген. Тұрғындар ауыр қыстан кейін жүдеген мал өзі өліп қалды деп, ештеме айтпаған. Аурудың алғашқы белгілерін малшы өзі емдеген, тек маусымның 19-ы күні ғана дәрігерлерге көрсеткенімен, олар құтқара алмаған», - дейді облыстағы мемлекеттік санитарлық бас дәрігер Қанат Сәкиев.
Ақсу қаласының әкімі Оразкелді Қайыргелдинов қалалық штабтың отырысын өткізді. Қаракөл мен Ребровкада эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр, қажетті дәрі-дәрмек, арнайы киім мен техника әкелінген. Ауылдарда ветеринарлық қызметтің, санитарлық-эпидемологиялық қадағалау, төтенше жағдайлар бөлімінің адамдары жұмыс істеп жатыр. Тағы да тексеру жүріп, осы аумақтан ет пен сүтті шығаруға тиым салынған.
Ауырған малдың етін жеген барлық 16 отбасы мүшелері дәрігердің қадағалауында, сібір жарасын жұқтырған жағдайда инфекциялық кезең ұзаққа созылуы мүмкін.
Сібір жарасы соңғы рет Жолқұдық округынде, осыдан 43 жыл бұрын кездескен болатын, оның қалдықтары жерде ұзақ уақытқа дейін сақтала алады.