Рецептісіз екпеден өліп қала жаздаған қарағандылық сәби ауруханадан шықты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері көршісі салған екпеден кейін есінен танып ауруханаға түскен екі жасар баланы үйіне шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Исаның мәлімдеуінше, дәрігерлер жасанды тыныс беріліп ес-түссіз жатқан баланың қасында күні-түні кезекшілік еткен.
«Баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ол үйіне қайтарылды. Естеріңізге саламыз, өз бетімен емделудің арты қайғылы жағдайға әкеліп соғады», - деді Айжан Иса.
Айта кетейік, екі жасар балаға суық тиіп дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген. Оның анасы дәрігерлердің көмегіне жүгінбестен, баласын өзі емдеген. Ол Цеф-3 антибиотигін сатып алып, көрші келіншекке баласына еккізген. Бірнеше минуттан кейін бала шок болып, клиникалық өлім жағдайына түсіп қалған. Баланы аурухана жеткізген ата-анасы бұған дейін дәрігерлердің балаға осы екпені салғанын айтқан. Алайда, дәрігерлер дәріні жиі қабылдаған баланың иммунитеті әлсіреп, ағзасы екпеден уланған деген тұжырым жасады.