Референдум һәм рекорд: Халық таңдауын қалай жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін жарты жылға жуық талқыға түскен Ата заңның келешегі шешілгелі тұр. Қоғам таңнан бері жаңа Конституция туралы республикалық референдумға белсенді қатысып, маңызды құжат төңірегінде таңдауын жасады. Осы тұста Kazinform тілшісі саяси науқанның қалай өткенін шолып көрген болатын.

а
Фото: Алматы әкімдігі

Рекорд көрсеткіш: 9,1 млн адам дауыс берді

Орталық референдум комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, республикалық референдум барысында 9 126 850 азамат дауыс берді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін 1995 жылы өткен саяси науқандарда ғана статистика 8 миллионнан асқаны есте.

Нақтылау үшін өткен кезеңге көз жүгіртейік. Биыл 15 наурызда өткен жалпыхалықтық талқы ел тарихындағы бесінші референдум саналады. Қатысушылар саны мен сапа тұрғысынан алсақ, бүгінгі саяси науқан оқ бойы озып тұр.

Мысалы, мемлекеттегі алғашқы референдум 1995 жылы 29 сәуірде өтті. Қазақстан тұңғыш Президентінің өкілеттілігін ұзарту бойынша республикалық референдум жарияланып, дауыс берушілердің 95,46 пайызы келісімін берген еді. Сол тұста дауыс беру үшін 8 309 637 азамат референдум учаскесіне келген. Бұдан кейін өткен референдумдардің ешбірі мұндай жоғары нәтиже жинай алмады. Тек араға 30 жыл салып, яғни биыл 15 наурызда 9 миллоннан астам қазақстандық дауыс беруге атсалысты.

Екінші референдум 1995 жылдың 30 тамызында өтті. Онда «1995 жылы 1 тамызда баспасөзде жобасы жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деп сұрақ қойылған болатын. Ол кезде Жаңа Конституцияны дауыс берушілердің 90 пайызы қолдаған, қатысушылар саны – 8 091 715. Кейін 30 тамыз Конституция күні болып белгіленгенін білеміз.

Үшінші референдумға халықтың 68,06%-ы немесе 7 986 293 адам қатысты деп айтуға негіз бар. 2022 жылдың 5 маусымында Ата заңға кезекті өзгеріс еніп, мемлекеттік басқару жүйесінде біршама өзгеріс байқалған-ды. Оның ішінде суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуге, билік өкілеттігін қайта бөлуге, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыруға, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.

Төртінші жалпыхалықтық талқы екі жыл бұрын, 2024 жылдың 6 қазанында ұйымдастырылды. Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша өткен референдумға 7 820 204 адам қатысқанын көрдік.

Саясаттанушы Аман Мәмбетәлиевтің пікірінше, бүгінге дейін өткен референдумдар халықтың саяси мәдениетін қалыптастыруға әсер етті.

– Елдің болашағымен байланысты шешімді көпшіліктің талқысына салу арқылы шешу ең тиімді тәсіл деп санаймын. Оның үстіне референдум тарихи дәстүрге айналып, халықтың саяси мәдениетін қалыптастырды деп айтуға болады.

Әуелде референдумның тиімділігі турасында күмән болғанын жасырмаймыз, қазір де ондай топтар бар. Десек те бүгінгі қоғамның көзқарасы күмәнді жоққа шығарып отыр. Байқасаңыз, бұрын референдумдағы дауыс берушілер қатарында зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар көп еді, қазір саяси науқанға қатысу жалпыхалықтық сипат алды, – дейді сарапшы.

Саяси мәдениет салмағы

Қуанарлығы, бұрын белсенді дауыс беру облыс, аудан орталықтарында ғана байқалатын. Қазір өңір-өңірде саяси позициясын білдірушілер қатары артып келеді. Мысалы, бүгін аймақтар арасында Қызылорда облысы (93,04%), Шығыс Қазақстан облысы (86,42%), Ақтөбе облысы (87,05%), Жамбыл облысы (85,06%), Қостанай облысы (81,21%), Түркістан облысы бойынша (84,03%) референдумға келгендердің саны басым.

Жоғары нәтиженің көрініс берері күні бұрын болжанғанын айта кету керек. Жақында тақырыпқа орай Қазақстандық қоғамдық даму институтының телефон арқылы жүргізген сауалнамасы жүргізгенін білеміз. Онда халыққа «Референдумға қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Отандастарымыздың басым бөлігі, яғни 72,8 пайызы референдум учаскесіне барытынын айтса, 17,9 пайызы әлі нақты шешім қабылдамағанын жеткізген еді.

Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың 89,2% пайызы Жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдірген. Оның ішінде 52,8 пайызы жобаны толықтай қолдайтынын, ал 36,4 пайызы жобаны қолдауға бейім екенін айтыпты.

Саясаттанушы Ерлан Саиров саяси науқанға ықылас танытуын билікке деген сенімнің көрсеткіші деп санайды.

– Азаматтардың саяси жауапкершілік деңгейі өте жоғары. Жаңа Конституция әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беретінін көпшілік түсініп отыр. Сондықтан бүгінгі референдумға келу белсенділігінің өзі халықтың Президенттің саяси бағдарын жақтайтынын және жаңа саяси бағыт – Ата заңдағы өзгерістерді қолдайтынын білдіріп отыр. Сөзсіз, мұндай белсенділік саяси мәдениеттің өсіп келе жатқанын, мемлекет тағдыры азаматтардың қолында екенін сезіндіруде.

– Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда мемлекеттің айналасында топтасу керек екенін түсініп келеміз. Негізгі құндылық Қазақстаның тәуелсіздігі екенін ұғынудамыз. Мемлекеттік құруға ғана емес, сонымен бірге оны дамытуға үлес қосу аса маңызды. Бүгін референдумға қатысушылардың 9 миллионнан асуы ұстанымның берік екенін білдірсе керек.

Бірлік пен пайым

Биыл елдегі және шетелдегі елшілікте орналасқан референдум учаскелерін материалдық-техникалық ахуалы жіті қадағалауда болғанын айта кетейік. Себебі осы бағыттағы жұмыстар үздіксіз дауыс беруді қамтамсыз етуге және процесстің ашықтығына әсер етті.

Мәселен, бірнеше айдан бері Орталық референдум комиссиясы 20 өңіріндегі референдум учаскелерінің дайындығы тексерген болатын. Тексеру барысында учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, комиссия мүшелерінің дайындығы және азаматтарды ақпараттандыру жұмыстары бағаланды.

Сонымен қатар шетелдегі отандастарымыздың таңдау жасауы ескерусіз қалмады. Елімізге қарасты өзге мемлекеттердегі мекемелерде 71 учаске құрылып, 9 мың адам дауыс берді. Алғаш болып Токио мен Сеулдегі қазақстандықтар Астана уақытымен сағат 03:00-де бастап дауыс берсе, ең соңында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы ҚР-ның Бас консулдығы жанындағы референдум ертең 16 наурыз күні сағат 08:00-де өз жұмысын аяқтайды.

Сонымен, бүгін халықтың 73,24 пайызы таңдауын жасады, Ата заңдағы негізгі құндылықтар мен ұстанымдарды қолдайтынын білдірді. Демек, алдағы уақытта мемлекеттің құқықтық жүйесі, саяси дәстүрі жаңа арнаға бұрылады деген сөз. Бастысы, халық демократияның ұстынан айналған референдум арқылы саяси мәдениетін қалыптастырып келеді.

Осыған дейін республикалық референдумда еліміз бойынша 9 126 850 млн азамат дауыс бергені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар