Референдум: Бүгін үгіт аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — Референдум күні қоғамдық пікірге сауал салу дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізілмейді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлім етті.
Оның айтуынша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
— Бүгін түнде сағат 00.00-де үгіт кезеңі аяқталады. Осы сәттен бастап «тыныштық күні» басталады. Бұл дегеніміз, 14 наурызда және дауыс беру күні — 15 наурызда кез келген үгітке тыйым салынғанын білдіреді. Бұл талаптар заңнамамен белгіленген және электоралдық үдерістің барлық қатысушылары үшін міндетті, — деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
Бұл ретте дауыс беретiн жайлардан басқа жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуы мүмкiн.
Ләззат Сүйіндік қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу ережелеріне де жекелей тоқталды. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, мұндай сауал салулар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.
Атап айтқанда, аталған заңның 28-бабының 9-тармағы дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күні тікелей қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдумның алдын-ала қорытындылары және референдуммен байланысты басқа да зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн платформаларда жариялауға тыйым салады.
— Заң сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге нақты талаптарды белгілейді. Олар дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізілмейді. Мұндай сауалдар тек учаскелік комиссиясының шыға берісінде және тиісті түрде Орталық референдум комиссиясын хабардар еткен заңды тұлғалар жүргізе алады, — деді ол.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Айта кетейік, 15 наурызда «Референдум — 2026» онлайн марафоны өтеді.