Референдум ешқандай құқық бұзусыз өтіп жатыр — ТүркПА Бас хатшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Дауыс беру барысында Халықаралық құқық пен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға қайшы фактілер тіркелген жоқ. Бұл жөнінде Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) бас хатшысы Рамиль Сагиб оглы Гасан мәлімдеді.
Оның сөзінше, аталған ұйымның 23 өкілі халықаралық байқаушы ретінде Астана, Алматы және Түркістан қалаларында референдумның өту барысын бақылап жүр.
— Таңғы 07:00–ден бастап аталған үш шаһардағы 45 учаскені аралап, жұмысын бақыладық. Халықаралық құқыққа және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сай келмейтін ешқандай құқықбұзушылықты байқаған жоқпыз, — деді Рамиль Сагиб оглы Гасан.
Сондай-ақ ол ТүркПА байқаушыларының арасында Әзірбайжан және Түркия Парламенттерінің депутаттары мен дипломаттар бар екенін атап өтті.
— Қазақстан халқы саяси науқанға ерікті әрі белсенді түрде қатысып, дауыс беріп жатыр. Референдумды кешкі 20:00–ге дейін бақылаймыз. Барлық учаске жұмысын аяқтаған соң, дауыстарды санау барысын да қадағалаймыз. Ертеңгі баспасөз конференциясына қатысып, тағы есеп береміз, — деп түйіндеді халықаралық байқаушы.
Айта кетейік бұған дейін Тәжікстандағы қазақстандықтар референдумда белсенділік танытып жатқанын жазғанбыз.