Референдум қоғамның саяси белсенділігін көрсетті – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өткен референдум қорытындылары қоғамның жоғары белсенділігін және бұл оқиғаның елдің саяси өміріндегі маңызын көрсетті. Бұл туралы KazInform агенттігінің тілшісіне Оңтүстік Кавказ саясаттанушылар клубының басшысы Ильгар Велизаде мәлім етті.
Сарапшының айтуынша, референдумның өзі және Конституцияның жаңа редакциясы төңірегіндегі кең ауқымды қоғамдық талқылаулар қазақстандық қоғамның саяси үдерістерге белсенді түрде үн қататынын аңғартады.
Дауыс берудің алғашқы қорытындыларына тоқталған ол референдумның елдің саяси өміріндегі маңызды кезең болғанын атап өтті.
– Бұл Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды кезең. Конституцияның жаңа редакциясы бойынша дауыс беру және референдум алдындағы апталарда өткен қызу пікірталастар қоғамның болып жатқан үдерістерге сергек әрі белсенді қарайтынын көрсетті, – деді Ильгар Велизаде.
Оның сөзінше, дауыс беруге қатысудың жоғары деңгейі азаматтардың ел болашағына бейжай қарамайтынын білдіреді.
– Конституция – мемлекеттіліктің және институттардың дамуының негізі. Сондықтан азаматтардың дауыс беруге қатысуы олардың елдің қай бағытта дамитынын түсінетінін көрсетеді, – деді сарапшы.
Сондай-ақ ол Конституция жобасының бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланғанына назар аударды.
– Пікірталастар өте қызу өтті, кейде тіпті тартысты болды. Бірақ бұл бір нәрсені көрсетеді – адамдар бейжай қалмай, ел болашағын талқылауға белсенді қатысты, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау ел үшін жаңа саяси кезеңнің басталуына жол ашады. Бұл – мемлекеттік институттарды нығайтуға, саяси жүйенің тұрақтылығын арттыруға және Қазақстанның халықаралық позициясын күшейтуге бағытталған ауқымды трансформация.
– Азаматтар дауыс беру кезінде тек бүгінгі күнді ғана емес, болашақты – өз балалары мен келер ұрпақты да ойлады. Сондықтан бұл таңдау ерекше маңызға ие, – деп қосты Ильгар Велизаде.
Сонымен қатар сарапшы реформалардың нақты бағасы жаңартылған Конституция нормалары іс жүзінде жүзеге асырылған сайын қалыптасатынын атап өтті.
– Дегенмен, қазірдің өзінде дауыс беру барысы мен оның нәтижелері қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігін және елдің прогрессивті болашағына деген қызығушылығын көрсетті, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Орталық референдум комиссиясы жаңа Конституция қабылданды деп таныды.