Референдум күні Павлодарда 1,5 мыңнан астам тәуелсіз бақылаушы қызмет етеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыста тәуелсіз бақылаушылар тобы жұмыс істейді. Олардың барлығы арнайы оқудан өткен. Жалпы саны 1516 тәуелсіз бақылаушы референдум учаскелерін бақылайды.
Облыстағы аумақтық және учаскелік референдум комиссияларындағы 3439 мүшесінің 94%-ы сайлау өткізуде тәжірибесі бар. Барлық 14 аумақтық референдум комиссиясының төрағалары мен 14 хатшысы бұрын да сайлау өткізу жұмыстарына қатысқан.
— 500 референдум учаскесінде жұмыс істеу үшін 1516 тәуелсіз бақылаушыдан тұратын пул қалыптастырылған. Сонымен қатар халықтық штабтардан, қалалар мен аудандардан қосымша 1500 бақылаушы тартылған.Референдумдағы бақылауды ұйымдастыру бойынша тәуелсіз бақылаушылар тобының барлығы арнайы оқудан өткен, — деп хабарлады аумақтық референдум комиссиясынан.
Қазіргі уақытта бақылаушылар каскадтық жүйе бойынша оқытылып жатыр. Яғни алдымен капитандар дайындықтан өтеді. Кейін капитандар өз топтарын оқытады.
Павлодар өңірінде референдумда шамамен 500 мың адам дауыс беру құқығына ие екенін жазғанбыз.