Референдум: Шетелдегі 9 мыңнан астам Қазақстан азаматы дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM – Референдумға орай шет елдерде ашылған референдум учаскелерінің 14-і жұмысын аяқтады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов айтты.
- Референдумда 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесі жұмыс атқаруда. Референдум учаскелерінде дауыс беру үдерісі Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-ден бері жүргізіліп келеді. Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19:00-ге дейін шетелдегі барлық учаске ашылып, оның 14-і жабылып үлгерді. Осыған дейін келіп дауыс бергендер саны 9050 адамды құрады, - деді ол Орталық референдум комиссиясындағы брифингте.
Оның мәліметінше, сағат 00:00-ге дейін шетелдегі 64 учаске өз жұмысын аяқтайды.
- АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып 16 наурызда, Астана уақытымен сағат 08:00-де сайлау үдерісін тәмамдайды, - деді Арман Исетов.
Айта кетейік, сағат 18-00-дегі деректерге сәйкес, республикалық референдум барысында 8 845 280 азамат дауыс берді.