Референдумда қабылданған жағдайда жаңа Конституция қашан күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Жалпыхалықтық референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасы қабылданған жағдайда Ата заңның нақты қашан күшіне енетіні анық жазылды.

Жаңа Конституция жобасы
Фото: Kazinform / freepik / gov.kz

Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасының «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын соңғы бөлімінің 94-бабы 1-тармағына сәйкес, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады.

Ал 2-тармақта республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланатыны нақты көрсетілген.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Демек, өткізілетін референдум барысында жаңа Конституция қабылданған жағдайда 15 наурыз — Конституция күні болып бекітіледі. Ал ел азаматтары мемлекеттік мерекені келесі жылдан бастап атап өтеді.

Соңғы жаңалықтар