Референдумды байқау үшін 256 ұйым аккредиттелді

АСТАНА. KAZINFORM — Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары республикалық референдумды өткізуге дайындық жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. 

Нұрлан Әбдіров
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Барлық деңгейдегі референдум комиссиясы дайындық жұмыстарын аяқтады. Қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізілді, комиссиялардың қызметіне әдістемелік қолдау қамтамасыз етілді, дауыс беру рәсімдерін қолдану мен референдум туралы заң талаптарын сақтауда бірыңғай тәсіл қалыптастырылды. Бұл біздің республикалық референдумды өткізуге және оны заң талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастыруға толық дайын екенімізді айтуға мүмкіндік береді, — деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, дайындықтың негізгі бағыттарының бірі комиссия мүшелерін оқыту болды. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 13 наурызда оқытудың қорытынды кезеңі аяқталды. Жедел ақпаратқа сәйкес дайындық барысында 5 800-ден астам оқыту семинары өткізіліп, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қатысты. Дайындық деңгейін қосымша бағалау мақсатында қашықтан онлайн-тестілеу ұйымдастырылды.

Референдумға дайындық аясында заңнамада көзделген байқау жүргізуге қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді. Референдум учаскелерінде болуға құқығы бар өкілдері қатыса алатын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу жүргізілді. Бүгінгі таңда 256 ұйым аккредиттелді, оның ішінде 11-ін Орталық референдум комиссиясы, ал 245-ін аумақтық комиссиялар аккредиттеді.

Айта кетейік, 15 наурызда «Референдум — 2026» онлайн марафоны өтеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум