Референдумға үнемі отбасыммен келемін – астаналық көпбалалы әке Асқар Қалиев
АСТАНА. KAZINFORM – Астаналық көпбалалы отбасы Асқар Қалиев пен Дина Түсіпжанова референдумда дауыс беруге балаларын ертіп келген.
«Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында 6 қазанда референдум өтетіні туралы өзі мәлімдеп, ел үшін маңызды іс-шара екенін айтты. Бүгін отбасыммен келіп, өз таңдауымызды жасадық. Мен сайлау, референдумға үнемі отбасыммен, яғни бала-шағаммен келемін», - деді Асқар Қалиев агенттік тілшісімен әңгіме барысында.
Сондай-ақ, елорда тұрғыны балаларын ертіп келу себебін де айтты.
«Біз балаларымыздың өз көзімен көріп, қоғам өміріне белсене араласқанын қалаймыз. Біздің даусымыз балалардың болашағы үшін маңызды», - дейді ол.
№164 учаскесінің комиссия мүшелері көпбалалы отбасы балаларына кішігірім сый тартты.
Айта кетейік, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №164 учаскеде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев дауыс берді. Оның айтуынша, референдум – Қазақстанның демократиялық дамуындағы маңызды қадам.
Одан бөлек, осы дауыс учаскесінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де өз таңдауын жасады. Ол Қазақстан –ТМД және Орталық Азиядағы референдум өткізіп жатқан бірден-бір ел екенін айтты.
Сондай-ақ, аталған учаскеде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева дауыс берді.