ТМД және Орталық Азияда референдум өткізіп жатқан бірден-бір елміз – Ерлан Қарин

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин АЭС салуға қатысы референдумда елордадағы №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Қарин
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Қарин
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Кез келген референдумға маңызды мәселе шығарылады. Бүгінгі референдумдағы АЭС салу мәселесі де өте маңызды. Қабылданған шешімге байланысты еліміздің экономикалық даму бағыты айқындалады. Референдумға шығарылып отырған мәселеден бөлек, референдумды өткізудің өзі де маңызды. Біз ТМД және Орталық Азия елдері бойынша референдум өткізіп жатқан бірден-бір елміз. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады, яғни мемлекет пен қоғам арасында жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына ықпалы бар», - деді Ерлан Қарин дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. 

Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші референдумға дайындық жан-жақты әрі ұзақ жүргізілгенін айтты. 

«Бүгінгі референдумда қоғамның шынайы пікірі керек. Бұл жолғы референдум жан-жақты ұйымдастырылды. Қазақстанның жаңа саяси тарихында мұндай ұзақмерзімді талқылау болған емес. Әдетте білесіздер, қысқа мерзімде жарияланады, қысқа мерзімде өтетін», - дейді ол. 

Сондай-ақ Ерлан Қарин АЭС салуға қатысы референдум туралы пікір білдірді. 

«Кез келген елдегі саяси науқанға байланысты біреулер келіссе, біреулер келіспей жатады, бұл заңды құбылыс. Қазіргі уақытта әлемде болып жатқан көптеген елдегі саяси науқанды байқап қарасаңыз, ол елдерде де сайлаудың өткізілуіне байланысты түрлі дау-дамайлар болып жатады. Сондықтан саяси науқан болғаннан кейін барлығының бірдей көңілінен шығып жатпайды, дегенмен де негізгі мәселелер бойынша біздің еліміздегі саяси науқандарға қатысты сұрақтар жоқ деп ойлаймын», - деп жауап берді Ерлан Қарин референдумда дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. 

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші бүгінгі референдумның ашық әрі әділ өтетініне мемлекет кепіл болатынын айтты. 

«Бүгінгі референдумда қоғамның шынайы пікірі керек. Бұл жолғы референдум жан-жақты ұйымдастырылды. Қазақстанның жаңа саяси тарихында бұндай ұзақмерзімді талқылау болған емес. Әдетте білесіздер қысқа мерзімде жарияланады, қысқа мерзімде өтетін», - дейді ол. 

Айта кетейік, Астанада Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №164 учаскесінде дауыс беру сағат 7:00-де басталды. Аталған учаскеде 2114 дауыс беруші тіркелген. Сонымен қатар 26 байқаушы қатысып отыр, оның ішінде халықаралық байқаушылар да бар. Алғаш болып дауыс берген елорда тұрғынына кішігірім сыйлық берілді.

Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.

Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті

Бұған дейін хабарланғанындай, Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №61 учаскеде дауыс берді.

1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.

Соңғы жаңалықтар