Үкімет басшысы өз таңдауын жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан №61 учаскеге келіп дауыс берді.
Үкімет басшысы аталған учаскеде алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумда дауыс береді.
Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті.
«ҚР Орталық референдум комиссиясы облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес, сағат 7.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде 10 249 учаске дауыс беруге кіріскенін хабарлайды. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың шешімдеріне сәйкес, дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды», — деді ол.
Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.