Референдумнан кейін Парламент инфрақұрылымы қалай пайдаланылады
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бір палаталы Парламент құрылған жағдайда, қазіргі қос палатаның ғимараттарын депутататтар пайдаланатынын айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер: «референдум нәтижесінде бір палаталы Парламент құру туралы шешім жасалса, Сенаттың қазіргі ғимараты қандай мақсатта пайдаланылады» деп сұрады.
— Қазақстан халқы бір палаталы жаңа Парламентті құруды қолдаса, онда барлық инфрақұрылымды Парламент пайдаланатыны түсінікті жағдай. Ал енді қалай падаланатынын сол кезде қызмет ететін депутаттардан сұрайсыздар, — деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.
Мемлекет басшысы өткен 30 жылда Сенат аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен атқарып шыққанын айтты.