Референдумның бекіту куәлігін қалай алуға болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалыкова үйде дауыс беру мен бекіту куәлігін алудың тәртібін түсіндірді.

Референдумның бекіту куәлігін қалай алуға болады
Фото: freepik

Оның айтуынша, науқасты күтетін, денсаулығы жарамайтын немесе басқа себеппен учаскеге келе алмайтын азаматтар үйде отырып дауыс бере алады. Ол үшін алдын ала референдумның учаскелік комиссиясына өтініш жазуы қажет:

• Өтініш 15 наурызда сағат 12:00-ге дейін қабылданады, яғни референдум күні күндізгі уақытқа дейін берілуі мүмкін.

• Комиссия азаматтың өтінішіне сәйкес үйде дауыс беруді ұйымдастырады.

Бекіту куәлігі

Айгүл Қалыкова азамат дауыс беру күні тіркелген жерінде болмаса, іссапарда жүрсе, ауруханада жатса, басқа өңірде болса — ол басқа учаскеде дауыс беру үшін бекіту куәлігін ала алатынын айтты.

референдум
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Ол үшін азамат өз тізімінде тіркелген учаскелік комиссияға жүгінеді. Қажетті өтініш жазады және бекіту куәлігін алады.
Куәлік берілгеннен кейін тізімде комиссия мүшесінің қолы арқылы оның берілгені белгіленеді. Бұл куәлікпен азамат бір қала немесе аудан ішіндегі көршілес учаскеде емес, тек басқа қала мен өңірде ғана дауыс бере алады.

– Бір елді мекен шегінде бекіту куәлігі берілмейді. Бұл жайлылық үшін емес, азаматтарға өз тіркелген жерінен тыс дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жасалады, - деді Айгүл Қалыкова.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда референдумға дайындық қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум