Реформалар оңтайлы жүзеге асырылуы үшін мемлекеттік аппаратқа халық сенімі артуы қажет - Жазықбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындарын мемлекеттік білім грантымен бітірген түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымы төмен деңгейлі қызметтерге конкурстық рәсімсіз жұмысқа орналасатын болады.

Ал саяси сенімнен айырылған қызметшілер жұмыстан шығарылса, өңірлерге ротация арқылы қызметке баратын қызметшілерге бірқатар қолайлы жағдай жасалады. Мемлекеттік қызмет саласындағы осы және өзге де жаңалықтар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2022 жылғы жұмыс қорытындысы мен алдағы кезеңге басымдықтарды айқындауға арналған кеңейтілген алқа отырысында белгілі болды.

Мемлекеттік қызметте қандай өзгерістер болады

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтті.

«Адам мемлекет үшін емес, адам үшін» формуласын ұстану қажеттігін Мемлекет басшысы ерекше атап өткен болатын. Азаматтардың әл-ауқатының артуы - мемлекеттік аппарат жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткіші. Бұл қағида барлық мемлекеттік органның, әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысында негізгі ұстаным болуы тиіс. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың оңтайлы жүзеге асырылуы үшін мемлекеттік аппаратқа деген халықтың сенімі артуы қажет. Біздің атқарған жұмыстарымыз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында жүргізілді», – деді Дархан Жазықбаев.

Осы орайда агенттік төрағасы Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленіп, Мемлекеттік қызмет туралы заңға қажетті түзетулер енгізілгеніне тоқталды.

«Біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалатын болады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Екіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына агенттіктің келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады. Үшіншіден, екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді», - деді ол.

Сонымен қатар Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізілгеніне және оның негізгі нормаларына тоқталды.

Оның атап өтуінше, заң қабылданғаннан кейін Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайтын болады. Өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізіледі. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандырады. Мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны атқару үшін уақытша шелісімшарт бойынша жұмыскерді алуға мүмкіндік беріледі. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуы реттелетін болады. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізіледі.

«Мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдар саны реттеледі. Қазіргі кезде, кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыру», - деді ол.

Агенттік басшысы Әдеп жөніндегі кеңестерде қаралған тәртіптік істердің санының төмендеу тенденциясы байқалатындығын атап өтті. Мәселен, 2021 жылмен салыстырғанда былтыр қозғалған істердің саны 29 пайызға азайған. Жыл қорытындысы бойынша кеңес ұсынымдарының орындалуы 97 пайызды құрады.

«Агенттіктің үйлестіруімен әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ауқымды түсіндірме жұмыстары атқарылып, 20 мыңнан астам азамат пен қызметшіге жеке консультативтік көмек көрсетілді. Бақылау жұмыстары бойынша 753 тексеру жүргізіліп, 16 мыңнан астам бұзушылық анықталып, заңсыз актілердің күшін жою туралы 493 ұсыным және ұйғарым енгізілді», - деді Дархан Жазықбаев.

Оның атап өтуінше, 2022 жылы агенттік мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту бағытында денсаулық сақтау, білім беру, еңбек, әлеуметтік қорғау салаларында талдау жүргізіліп, нәтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше адамға бағдарланған сервистік сипатта қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірледі. Бұған қоса, жалпы мемлекеттік органдардың жұмысында көп кездесетін ішкі әкімшілік рәсімдеріне кешенді мониторинг жүргізілді.

«Бұл жұмысқа әртүрлі сала мамандарынан, азаматтық қоғам өкілдерінен және сарапшылардан құралған жалпы саны екі мыңға жуық адам қатысты. 2023 жылы қаржы-экономикалық саласына талдау жүргізу жоспарлануда», – деді агенттік төрағасы.

Жастарға президенттік кадр резеріне кіру мүмкіндігі беріледі

Агенттік басшысының айтуынша, биыл президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді.

«Қазіргі кезде еліміздің ең маңызды салаларында – денсаулық сақтау, энергетика, білім беру бағытында жұмыс істейтін резервшілердің саны өте аз. Бұл ретте, резервшілердің салалық топтарын қайта қарастырамыз. Үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органның қатысуымен өткізу жоспарлануда», – деді ол.

Сондай-ақ оның атап өтуінше, агенттік Президенттік жастар кадр резервін жетілдіру бойынша үнемі жұмыс жүргізіп келеді. Желтоқсан айында қабылданған Резервтен шығу тәртібін бекітетін Жарлыққа сәйкес өз еркімен, өзге елдің азаматтығын алған, Қазақстанның азаматтығын жоғалтқан, жұмыстан теріс себептер бойынша шыққан өкілдер резервтен шығарылады. Президенттік жастар кадр резервімен қатар биыл агенттік өңірлерге талантты жастарды барынша тартуға ден қойып отыр.

«Өңірдегі жастарға әлеуметтік лифтті қамтамасыз ету үшін республиканың барлық аймақтарында өңірлік жастар кадр резервтерін құруды жоспарлап отырмыз», – деді Дархан Жазықбаев.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолмановтың атап өтуінше, бірінші іріктеуде 300 адам, екіншісінде 50 адам іріктеп алынды. Олардың ішінде бүгінге дейін 258 адам жұмысқа орналасты. 23-і саяси мемлекеттік қызметте, 10-ы «А» корпусында лауазымды қызмет атқарады. Сондай-ақ ол биылғы іріктеу нақты салалар бойынша жүргізілетіндігін баса айтты.

бірінші резервті жинағанда салалар бойынша нақты талап қойылған жоқ. Демек, бірінші, екінші резервті әмбебап мамандарды көп жинадық. Енді үшінші резервте салалардың қажеттілігі бойынша іріктеу мәселесі тұр. Ол энергетика, білім беру, ІТ-мамандығы сынды салалардың мамандары болуы тиіс. Яғни, осы нақты 8 сала бойынша мемлекеттік органдардың қажеттілігіне мамандар іріктеледі», - деді төраға орынбасары.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар
telegram