Реформатор, дипломат және спортсмен: Иордания королі қандай қырларымен танымал
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18-19 ақпан күндері Иорданияға ресми сапармен бармақ. Сапар аясында ел королімен кездесу өткізуі жоспарланып отыр. Осыған орай, Kazinform Иордан көшбасшысы өмірінің қызықты фактілерін жинақтаған еді.

Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы
Абдалла ІІ Хашимит әулетінен шыққан әрі Мұхаммед пайғамбардың 41-ші тікелей ұрпағы саналады. Осынау тарихи әрі діни мәртебе Иордания халқы мен барлық мұсылман әлемі алдында оның билігіне қосымша өкілеттік береді. Ол 1999 жылы әкесі король Хусейн өмірден озғаннан кейін таққа отырды және соңғы 25 жыл бойы мемлекетке билігін жүргізіп келеді.
Абдалла ІІ Ұлыбританияның Сандхерст қаласындағы Корольдік әскери академияда және АҚШ-тың Джорджтаун университетінде әскери және академиялық білім алған. Осынау халықаралық тәжірибе оның ел басқару мәнерінен байқалады: ол дәстүр мен жаңғыру қажеттілігі арасындағы теңгерімге ұмтыла отырып, батылдықты прагматизммен үйлестірді. Король халықпен әңгімелесудегі ашық мәнерімен және сын-тегеурінге ден қоюға дайындығымен танымал.

2024 жылы Иорданияда оның таққа отырғанына 25 жыл толуы, яғни күміс мерейтой кеңінен аталып өтті. Бұл оқиға Иорданияның өңірдегі тұрақты мемлекет ретінде нығая түсуіне септігін тигізген көшбасшылықтың, реформалар мен халықаралық дипломатияның ширек ғасырын паш ете отырып, маңызды межеге айналды.

Басқару мәнері және негізгі реформалар
Абдалла ІІ өзін елді жаңғыртуға бағытталған реформаларды қарқынды енгізуші монарх ретінде көрсете білді. Ол 2011 жылы араб әлеміндегі қарсылық қозғалыстары аясында конституциялық реформаларға бастамашылық жасап, монарх өкілеттігін шектеу арқылы билігінің бір бөлігін парламентке берді. Бұл өзгерістер Иорданияның саяси жүйесін демократияландырудағы маңызды қадамға айналды және оның елге билік жүргізу мәнерін өңірдегі абсолютті монархиядан ерекшелей түсті.

Король қауіпсіздікке және экстремизммен күреске айрықша мән береді. Ол лаңкестік топтардың тарапынан арта түскен қатерге жауап ретінде ұлттық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі бағдарламаға бастамашылық жасады. Дәл осы жайт Иорданияға төңірегіндегі геосаяси аумалы-төкпелі жағдайға қарамастан өңірдегі ең тұрақты елдердің біріне айналуға мүмкіндік берді.
Абдалла ІІ экономикалық салада да реформаларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Ол реформалар шетел инвестициясын тартуға, инновациялық технологияларды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Елде табиғи ресурстардың шектеулі болуына байланысты монарх ақпараттық технологияларды, жаңаратын энергия көздері мен туристік саланы дамыту жөніндегі бағдарламаларды ілгерілетіп отыр.
Сыртқы саясат және дипломатия
Корольдің сыртқы саяси стратегиясы батыс пен араб әлемі арасын теңдестіруге бағытталған. Иордания өңірлік қауіпсіздік мәселелерінде маңызды одақтас бола отырып, АҚШ, Еуропа және Парсы шығанағы елдерімен тығыз байланыс орнатқан. Монарх Палестина-Израиль жанжалын бейбіт реттеу мен палестиналық босқындарға қолдау көрсетуді жақтай отырып, БҰҰ-мен және халықаралық гуманитарлық ұйымдармен тығыз өзара іс-қимылды жолға қойған.
Король Абдалла ІІ дипломатиядан бөлек спортты және жастар бастамасын қолдауымен де танымал. Ол тәжірибелі әскери ұшқыш және мотоспортпен әуестенеді. Сонымен қатар король білім берудегі инновацияларға және технологиялық секторды дамытуға да белсенді қолдау көрсетеді.
Иордания оның басшылығымен таяушығыстық жанжалды реттеудегі маңызды ара ағайын болып отыр және қауіпсіздік саласындағы халықаралық серіктестермен ынтымақтастығын жалғастырып отыр. Палестиналық босқындарды қолдауды, жанжалдан зардап шеккен елдерге көмек көрсетуді қоса алғандағы гуманитарлық бастамаларға да үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Рания патшайым – әйелдер құқығын қорғаушы
Король Абдалла ІІ жұбайы - патшайым Ранияның есімі әйелдердің құқығын белсенді қорғаушы ретінде Иорданиядан да тысқары жерде танымал. Ол білім беру мен әлеуметтік реформаларға қолдау көрсетіп отырады. Патшайым Кувейтте, палестиналық отбасында дүниеге келген. Каирдегі Америка университетінде білім алған.

Рания патшайым болғаннан кейін қоғамдық қызметпен белсенді түрде айналыса бастады. Ол араб әлеміндегі білім беру бастамаларына, цифрлық білім бағдарламасына және әйелдер құқығына қолдау көрсетіп келеді. Патшайым белсенді жұмысының арқасында халықаралық деңгейде танымал. БҰҰ және өзге де ұйымдармен ынтымақтасады әрі жаһандық іс-шараларда сөз сөйлейді.
Көшбасшылардың жаңа буыны
Король Абдалла ІІ үлкен ұлы мұрагер ханзада Хусейн ибн Абдалла араб әлемі көшбасшыларының жаңа буыны ретінде қарастырылады. 1994 жылы дүниеге келген ол әкесі сияқты Джорджтаун университетінде білім алып, Сандхерстте әскери дайындықтан өткен.
Ханзада халықаралық кездесулерге Иордания атынан қатысып, мемлекеттік істерге белсенді түрде араласады. Сонымен қатар жастар мен технологиялық бастамаларға жетекшілік етеді. 2023 жылы ол танымал саудиялық отбасы өкілі ханшайым Раджва-Саифке үйленді. Бұл неке Иордания мен Парсы шығанағы елдері арасындағы байланысты нығайта түсті.
Король отбасы және оның Иорданиядағы рөлі
Король, патшайым және мұрагер ханзададан бөлек отбасында тағы үш бала бар: Иман ханшайым, Сальма ханшайым және Хашим ханзада. Олардың әрқайсысы да елдің болашағы және қоғамдық, гуманитарлық қызметтерге белсенді қатысады.
Иордания корольдік отбасы тек саяси ғана емес, сонымен қатар қоғам үшін біріктіру факторы бола отырып, маңызды нышандық рөлге де ие. Олардың қызметі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен қоршаған ортаны қорғау салаларын қамтиды.
Король Абдалла ІІ және Қазақстан: Мығым байланыс
Монарх Қазақстанға бірнеше мәрте сапарлады. Ал елдер арасындағы ынтымақтастық экономика, инвестиция, сауда және әскери салаларды қамтиды.
Иордания Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі саналады. Екі ел қауіпсіздік, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты қарқынды дамытып келеді.
Король Абдалла ІІ – ел дамуында дәстүр мен заманауи көзқарасты үйлестіріп, Иорданияны тұрақты даму жолына бағыттаған тәжірибелі көшбасшысы. Оның билігі тұрақтылық пен реформалар, белсенді дипломатия мен жаңғыруға ұмтылу арасындағы теңгерімді іздеумен сүйемелденіп отырады.
Еске салсақ Астана мен Амманның өзара қарым-қатынасы жайында жазған едік.