Рекорд орнатқан бас киім: Кимешекте аналарымыздың көз жасы бар…
АСТАНА. KAZINFORM — Күні кеше Ертіс бойында тігілген алып кимешек халықаралық рекордтар кітабына енгенін жазған едік. Ұлттық бас киімді дайындаған этнодизайнер Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып, сұхбат берді.

— «Алып кимешек» жобасының идеясы маған былтыр келді. Біздің қазақтың кимешегін неге халықаралық деңгейге шығармасқа дедім. Менің мақсатым — осы ұлттық киімімізді әлемге паш ету болды. Осы алып кимешекті тіккенде ұзындығы суағарымен бірге 4 метрдей болды. Ал алдыңғы бөлігі 2,35 метр болды. Негізінен «Қазақтардың ұлттық киімі» деген ғылыми каталог бар. Сол каталогтің 99-бетінде 1950 жылы тігілген кимешектің үлгісі бойынша жасадым. Сол үлгіні 2,5-3 есеге үлкейткенде осы өлшемдер шықты, — дейді Гүлайым Акумбаева.

Дизайнер алып кимешекті дайындауға 2 ай уақыт жұмсапты.
— Бұл кимешекті тіккеніме 1-2 ай болған шығар. Әрине, бар назарды соған салып істесең, тез бітеді ғой. Бірақ мен басқа тірліктеріммен қатар алып жүрген соң 2 айға созылып кетті. Ол кимешектің 80 күміс және металл әшекейлері бар. Бұл — Жеңістің 80 жылдығына арналған. Оған 2025 моншақты тіктік. Бұл — рекорд жасалған жылды білдіреді, — дейді рекорд иесі.
Ұзындығы 4 метрге созылған бас киімді дайындау үшін 40-қа жуық адам жұмыла жұмыс істеген екен.
— Бұл жобама демеуші ретінде маған 40-қа жуық адам жәрдем берді. «Қазақ аналары — дәстүрге жол» жобасының аналары мен апалары өз ақ ниеті мен қаражатын осы идеяма салып, осы мақсатымызды орындадық. Халық бұл жобаны өте жақсы қабылдады. Бәріміз қуандық, — дейді кейіпкеріміз.
Этнодизайнер көрермендерге кимешектің қадір-қасиетін түсіндірді.
— Кимешектің әрбір бөлшегінің қадір-қасиеті бар. Өйткені қазақтың кимешегінде біздің аналарымыз бен әжелеріміздің көз жасы бар. Мысалы, маңдайлық маңдайды жауып тұрады, шаш, қажет десеңіз, әжім көрінбейді. Шаш тамаққа, бала емізіп отырса, баланың бетіне түспейді. Ал алдыңғы өңірі — ол әйелдің асылын, баланың торсығын жауып тұрады. Артқы бөлігін құйрықша, шалғай деп атайды. Шалғайда да аналарымыздың көз жасы бар. Сол үшін кимешек — бағалы, сол үшін киелі, сол үшін бірінші орынға қоямыз, — дейді ол.

Гүлайым Акумбаева мұндай өнері анасынан дарығанын айтады.
— Қолөнер шеберлігі анамнан дарыған қасиет деп ойлаймын. Кішкентай кезімнен осының бәрін көріп өстім. Анамнан үйрендім. Кішкентай кезімнен осылай киімдерді тігіп жүрдім. Ал нақты ұлттық киімдерді тігіп жүргеніме соңғы 5-6 жылдың көлемі болды. Бас киім, кимешектерді тігіп жүргеніме 2 жылға жуықтады. Қазір менің «Үкілі тақия, киелі кимешегім» деген топтамам бар. Онда 40-қа жуық ұлттық бас киім бар. Кішкентай ит тақиядан бастап, үкілі тақия, сырға тағар, айдарлы тақия, бөріктер, сораба, сәукеле, қасаба және кимешекпен аяқталады деп айтуға болады, — дейді этнодизайнер.
«Алып кимешек» авторы кимешектің құрылымына да тоқталды.
— Кимешектер де өзара бөлінеді. Мысалы, ойықтың шеті қызыл болса — ол жас келіншектің киімі, сары болса — орта жастағы әйел дегенді білдіреді, ақ кимешекті әжелер киген. Және ұзындығына да байланысты арқа жабар, бел жабар, қылта шалғай және өкше қағар деген 4 өлшемі бар, — дейді тігінші.
Айта кетейік, Қазақстанда ұлттық киім үлгісін қоғамға енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру үшін қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр.