Рекордтық көрсеткіш: Назарбаев Университетінде 1877 түлекке диплом табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Назарбаев Университетінің кезекті түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл жоғары оқу орнын бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 1877 студент тәмамдады. Бұл — университет тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Рекордтық көрсеткіш: Назарбаев Университетінде 1877 түлекке диплом табысталды
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Түлектер арасында ең сұранысқа ие мамандық — Computer Science (компьютерлік ғылымдар) бағдарламасы болды. Осы бағыт бойынша 270 студент оқуын аяқтаса, оның 237-сі бакалавриат түлектері. Бұл бакалавриат бойынша бітірушілердің жалпы санының 21 пайызын құрайды.

Ал ең көп түлек Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінен (673 адам) және Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар мектебінен (653 адам) шықты.

Рекордтық көрсеткіш: Назарбаев Университетінде 1877 түлекке диплом табысталды
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Түлектердің бірі Әлішер Сабиғалиев механика және аэроғарыш инженериясы мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін тәмамдады. Ол университетте алған білімін одан әрі жетілдіру мақсатында магистратураға түсуге ниетті.

— Бұл университет маған өте сапалы білім берді. Мұндағы оқытушылардың қайсысын алсаңыз да, өз ісінің білікті мамандары. Сонымен қатар осы оқу орнында достар таптым. Ортам өте парасатты, білімді жандар. Назарбаев Университеті маған түрлі мүмкіндіктер ұсынды. Соның бірі — студенттік және қоғамдық өмірге белсенді араласу. Университетте клубтық қызмет жақсы дамыған. Біз әртүрлі халықаралық байқаулар мен жобаларға қатысып, өз қабілетімізді шыңдауға мүмкіндік алдық. Осы оқу орнының магистратурасына да оқуға түсемін, — деді Әлішер Сабиғалиев.

Рекордтық көрсеткіш: Назарбаев Университетінде 1877 түлекке диплом табысталды
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Диплом табыстау рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, түлектерге жүрекжарды лебізін білдіріп. Сондай-ақ үздік студенттерге дипломдарын жеке табыстады.

— Назарбаев Университеті еліміздегі жоғары білімді жаңа деңгейге көтерген жетекші оқу орны болды. Ол халықаралық стандарттарға сай білім беріп, ғылыми зерттеу мәдениетін дамытты. Университет қабырғасында алған білім — болашаққа жол ашатын маңызды мүмкіндік. Сондықтан бұл тәжірибе әр түлектің өмір бойғы дамуына берік негіз бола алады, — деді Мәулен Әшімбаев.

Ал университет президенті Вакар Ахмад түлектерге арнаған құттықтау сөзінде оқу орнының басты миссиясы сапалы білім беру және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін атап өтті.

Рекордтық көрсеткіш: Назарбаев Университетінде 1877 түлекке диплом табысталды
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Айта кетейік, Назарбаев Университеті Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі жоғары оқу орындары арасында 1-орында тұр.

Бұған дейін, аталған оқу орны алғаш рет әлемдік ТОП-500 қатарына кіргенін де жазған едік.