03:38, 20 Наурыз 2014 | GMT +5
Рембрандтың 15 жыл бұрын ұрланған картинасы табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда осыдан 15 жыл бұрын ұрланған Рембрандтың «Сабын көпіршігімен ойнаған бала» атты картинасы табылды. Liberation басылымының хабарлауынша, екі ер адам аталмыш картинаны Ницце қаласында сатпақ болған кезінде ұсталған.
![None None](/static/img/plug.webp)
Аталмыш картина Драгиньян қаласында 1999 жылы қаладағы мұражайдың бірінен ұрланған болатын. Мұражайдың жетекшісі тәркіленген картина мекеменің мүлігі болып табылатынын растады. Ұрланған кезде оның құны 20 млн.франкқа бағаланған. Бүгінгі бағамен есептесек, 3,9 млн. еуро немесе 5,4 млн. доллар шамасында болмақ.
Алайда, кейбір зерттеушілер табылған суреттің Рембрандтқа тиесілі екеніне күмән келтіруде. Осыған орай, драгиньяндық мұражайдың мамандары картинаға сараптама жүргізіп, оның авторын анықтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ картинаның қай кезде және нақты қай күні жазылғаны да белгісіз. Мұражайдың тізімдемесінде шамамен 174 жылға дейін салынған деп тұр. Ал оның мұражайда қай уақыттан бері сақталып келе жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ.