Рэпер Morgenshtern Қостанай облысына гуманитарлық көмек жібермекші

АСТАНА. KAZINFORM – Танымал ресейлік орындаушы Morgenshtern (шын аты Әлішер Моргенштерн) әлеуметтік желіде Қазақстанға, атап айтқанда Қостанайға гуманитарлық көмек жіберетінін мәлімдеді.

 Morgenshtern
Фото: Кейіпкердің желідегі парақшасынан

Жазба Telegram каналы мен Instagram желісінде жарияланды.

«Қазақстанға, атап айтқанда Қостанайға гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі бара жатыр», - деп жазды әнші.

Ол сондай-ақ оның қоры Орск қаласындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесетінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанай су тасқынымен күресіп жатыр. Биылғы 28 наурызынан бастап Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді. Сондай-ақ, Қарасу, Қостанай облысы мен Қостанай ауданында төтенше жағдай енгізілді.

Облыс әкімдігі аудан тұрғындарына келтірілген шығынды өтеуге уәде берді. Қазірдің өзінде бағалау комиссиясы келтірілген шығынды есептеп жатыр.

Кейін облыстың тағы 14 ауданына қауіп төніп тұрғаны белгілі болды. Сонымен, су басқан аумақтар тізіміне Наурызым, Қарасу аудандары мен Рудный қаласы кірді.

Су тасқынымен күресуге арнайы қызмет өкілдері ғана емес, мүдделі азаматтар да көмектесуде.

Сондай-ақ мессенджерлерде бөгет бұзылды деген фейк таралып жатқаны белгілі болды. Жедел штаб бұл ақпаратты жоққа шығарды.