Репрессия кезінде қазақтар бірін-бірі сатты деген КГБ-ның ойлап шығарған қауесеті - тарихшы М. Қойгелді

- Мәмбет аға, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні туралы тарихшы ретінде бірер ауыз сөз айта кетсеңіз. Жалпы, репрессияның қазақ халқына келтірген зардабы қандай? - 1993 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланғанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Бұл, меніңше, өте маңызды шара. Дегенмен, бір әттеген-айы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын тек осы күні ғана еске алып, осы күні ғана атап өтеміз. Сосын тағы бір жыл бойы бұл мәселені ешкім еске алмайды.
Жалпы, репрессия - біздің қоғамымызда өте терең із қалдырған процесс. Қуғын-сүргін - біздің халқымыздың ұлттық болмысын түп-тамырымен өзгертіп кеткен оқиға деп айтуға болады. Егер де репрессия болмаса, біздің халқымыз бүгін мүлде басқа болар ма еді деп ойлаймын.
Баяғыда Ахмет Байтұрсыновтың қызметтесі Тимофей Сидельников деген кісі болған. Оған кезінде «қазақ ұлтшылы» деген айып тағылған. Өйткені ол қазақтардың мүддесін қорғаған. «Қазақ жеріне переселендерді аудару тоқтатылсын» деген мәселе көтеріп, сол кездегі мемлекеттік думаның 54 депутатынан қол жинаған. Соның айтқан бір сөзі бар. «Қазақ халқы Ресей империясына қосылғанға шейін, Ресей билігі орнағанға дейін өте жауынгер, ержүрек халық еді. «Еуропалық рыцарьлықтың» ілкі үлгісі нағыз осыларда болған. Патша үкіметі сол халықтың қолындағы қаруын алып қойды, астындағы атын тартып алды. Соның салдарынан бұл халық жасық халыққа айналды» дейді ол. Бұл - Совет үкіметі орнағанға дейінгі адамның пікірі. Ал Совет үкіметі қазақ халқын қорқыту жағынан, жасыту жағынан Патша үкіметін он орады, шаңына да ілестірмей кетті. Сол жасытудың ең негізгі қаруы осы репрессия болды.
Репрессия қазақ зиялыларының бір емес, бірнеше буынын бірдей отап кетті. Алғашқы болып Алаштықтар кетті, одан кейін Совет одағын мойындаған зиялы қауым қырылды. Солармен бірге ұлттық идея да құрдымға кетті. Біз соны осы уақытқа шейін толық сезіне алмай, толық қорыта алмай, толық түсіне алмай келе жатырмыз. Біз қандай тұңғиықтан шығып келе жатқанымызды әлі де жете түсіне алған жоқпыз. Сондықтан, ержүрек халықты жасық халыққа айналдырған репрессияның қазаққа тигізген зардабы әлі жойылған жоқ.
- Ал сонда бұл зардапты толық түсініп, халқымыз басынан өткерген небір зұлматты ұрпақ санасына сіңіру үшін не істеу қажет?
- Бұл мәселені атқару үшін ең бірінші мемлекеттік дәрежеде репрессия зардабын түсіну, мойындау қажет. Содан кейін үлкен-үлкен нақты шаралар белгіленіп, репрессиядан тиген зардапты жас ұрпақтың санасына жеткізу керек. Осындай жағдайды басынан өткерген халық тек қана қазақ емес. Мәселен, еврейлер мен армяндарды алар болсақ, олар да небір нәубетті көрді. Олар осы тарихты қазіргі ұрпақтың санасына сіңіру үшін өте үлкен күш салады. Түрлі шаралар ұйымдастырып, соларды жүйелі түрде, мақсатты түрде іске асырып отырады. Осындай мәдениет бізде де қалыптасуы керек. Ал бізде ол, өкінішке қарай, әлі қалыптаспай келе жатыр. Мысалға, мына репрессия күнін 31 мамырға белгіледік. Өздеріңіз білесіздер, бұл кезде балалардың оқу процесі аяқталып, барлығы демалысқа кетеді. Соның салдарынан репрессия күніне арналған сабақтар өтілмей қалады. Менің ойымша, қатып қалған ешнәрсе жоқ, осы 31 мамыр деген күнді өзгертіп, басқа күнге ауыстыру керек. Сосын барлық мектептерде репрессияға байланысты ашық сабақтар жүргізіліп, оларды мұғалімдер емес, балалардың өздері жүргізу қажет. Сонда ғана олар осы зұлматты жан-тәндерімен түсінетін болады және болашақта мұндай қасіреттің болмауына бар күш-жігерін салады.
Сонымен қатар, бұл жұмысты науқан ретінде ғана емес, жүйелі түрде атқару керек. Түрлі шаралар өткізіліп, ескерткіштер көптеп ашылып, спектакльдер қойылып, фильмдер түсірілуі қажет. Сонда ғана бұл мәселе толыққанды насихатталып, өз деңгейіне көтеріледі.
- Қазір қоғам арасында қазақ ешкімнен жеңілген емес, оны өз ішінен шыққан жау ғана жеңген. Қуғын-сүргін кезінде де бір-бірінің үстінен арыз жазып, бірін-бірі ұстатып жіберген деген сөздер айтылып қалып жатады. Бұл туралы не дейсіз?
- Біз, қазақ халқы, көптеген трагедияны бастан кешкен халықпыз. Біз бір емес, бірнеше рет жеңілген халықпыз. Соның зардабын қазірге дейін шегіп отырмыз. Мәселен, Кенесары көтерілісі. Ол - жеңілген төңкеріс. Алаш қозғалысы - ол да жеңілгеннің көрінісі. Халықты басқарушы топтың, барша зиялы қауымының репрессияға ұшырауы - ол жеңілгеннің белгісі емес пе?!
Әрине, репрессияға байланысты айтар болсақ, қазақтар бір-бірін ұстап берді, бір-бірінің үстінен арыз жазды деген пікір бар екені рас. Ол пікір қазіргі кезде де айтылып қап жүр. Мен ол пікірмен келіспеймін. Ол кезінде НКВД, КГБ-ның таратқан қауесеті, аңызы. «Қазақтар бірін-бірі сатты, бірін-бірі ұстап берді» деген дұрыс пікір емес. Бірлі-жарым фактілердің болуы мүмкін. Ондай фактілер барлық ұлтта, барлық елде бар. Ал оны жалпыұлттық көрініс ретінде көрсету, бағалау дұрыс емес. Қазақ халқында ондай жаман ұстаным, жаман әдет болған емес. Мен репрессия материалдарымен жақсы таныспын. 20 жылға жуық КНБ-ның архивінде істедім. Тарихшылардан жаңағы жаппай бірін-бірі ұстап беру дегенді ешкім естіген емес. Сондықтан бұл КГБ-ның кезекті бір қитұрқы қауесеті деп айтуға менің толық қақым бар және оны дәлелдеп те бере аламын. Қазақ халқы ешқашан да сатқын халық болған емес!