ЕО Израильді E1 елді мекендерін салуды тоқтатуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Израиль билігінің E1 елді мекені құрылысын ілгерілету туралы шешімі екі мемлекетті шешімге одан әрі нұқсан келтіретінін және халықаралық құқықты бұзу екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.
Брюссель егер құрылыс жүргізілсе, бұл қадам «оккупацияланған Шығыс Иерусалим мен Батыс жағалау арасындағы географиялық және аумақтық байланысты, Батыс жағалаудың солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы байланысты үзеді» деп санайды.
ЕО Израильді елді мекендер салуды тоқтатуға тағы шақырды. Бұл «біржақты шешімдер» жердегі шиеленіскен жағдайды ушықтырады және бейбітшілікке қол жеткізудің кез келген мүмкіндігін одан әрі бұзады, деп қосты EEAS.
ЕО Израильдің екі мемлекеттің қатар өмір сүруі негізіндегі шешімнің өміршеңдігін қорғау шараларын зерттеуі керек екеніне сенімді.
Германияның федералды үкіметі де Израильдің Батыс жағалаудағы құрылыс жоспарларын сынға алды, деп хабарлады dpa агенттігі.
— Елді мекендерді салу халықаралық құқық пен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын бұзады. Бұл халықаралық (қылмыстық — ред.) сот талап еткендей, екіжақты келісімге келуді, сондай-ақ Иордан өзені батыс жағалауындағы израильдік оккупациясын тоқтатуды қиындатады, — деп мәлімдеді ГФР СІМ өкілі.
Reuters агенттігі еске салғандай, елді мекендегі құрылыс жұмыстарының басталғанын бұған дейін Израильдің Қаржы министрі, «Діни сионизм» әсіре оңшыл партиясының жетекшісі Бецалель Смотрич мәлімдеген болатын.
Әңгіме Иерусалимнен шығысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан Маале-Адумим маңында 3 401 жаңа тұрғын үй және E1 жобасы аясында көрші ауданда тағы 3 515 тұрғын үй құрылысы туралы болып отыр, деп атап өтті Ynet порталы.
Бұған дейін Израиль армиясы Газаны толықтай басып алу жоспарын бекіткенін хабарлаған болатынбыз.