Ресей балаларға оттық сатқандарға айыппұл салады
АСТАНА. KAZINFORM - Айыппұл көлемі 3 мыңнан 6 мың долларға дейін болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Ресей Мемлекеттік Думасы кәмелетке толмағандарға оттық, баллон және басқа да қауіпті газы бар өнімдер сатқаны үшін айыппұл салатын заң жобасын қабылдады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБК) өзгерістер енгізіледі.
Құрамында газы бар тұрмыстық бұйымдарды балаларға (тізбесін үкімет белгілейді) сатқаны үшін заңды тұлғаларға 600 000 рубль (шамамен 6 мың АҚШ доллары), лауазымды тұлғаларға 300 000 рубль (шамамен 3 мың АҚШ доллары), жеке тұлғаларға 60 000 рубль (шамамен 600 АҚШ доллары) айыппұл салынады.
Заң 2025 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енеді.
2016-2023 жылдары Ресейде құрамында газы бар өнімдерден уланып, 817 бала мен жасөспірім қайтыс болды. 2023 жылы 77 кәмелетке толмаған бала қайтыс болды, оның 33-і 14 жасқа толмаған.
Заң күшіне енгеннен кейін сатушылар құрамында газы бар өнімдердің төлқұжатын тексеруі керек. Қашықтан сату кезінде сатып алушының жасын тексеру әдісін үкімет белгілейді. Сонымен қатар құрамында сұйытылған көмірсутек газы бар заттарды насихаттайтын немесе көрсететін ақпаратты таратуға шектеулер енгізіледі.