Ресей банкі негізгі мөлшерлемені 18%-ға дейін төмендетті

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені қатарынан екінші рет төмендетті. Бұл жолы бірден 2 пайыздық тармаққа — 18%-ға дейін азайтылды, деп хабарлайды ТАСС.

рубли
Фото: pixabay

Бұл шешім инфляциялық қысымның күткеннен де жылдамырақ төмендеуі және ішкі сұраныс өсімінің баяулауы себепті қабылданған. Бұл туралы Қаржы реттеушісінің директорлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша жарияланған баспасөз релизінде айтылған.

— Директорлар кеңесі негізгі мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады, — делінген Ресей банкінің мәлімдемесінде. 

Жылдық мөлшерлеме 200 базистік тармаққа қысқарып, 18% деңгейінде бекітілді. Реттеушінің айтуынша, қазіргі инфляциялық қысым, соның ішінде тұрақты инфляция, бұрынғы болжамдарға қарағанда жылдам төмендеп жатыр.

Экономика теңгерімді өсу траекториясына біртіндеп оралып келеді. Осыған байланысты Ресей банкі инфляцияны 2026 жылы мақсатты деңгейге қайтару үшін ақша-несие шарттарын қатаң ұстауға ниетті екенін мәлімдеді.

Реттеуші бюджеттік саясаттың жарияланған параметрлерін негізге алып отырғанын атап өтті. Бұл саясаттың 2025 жылы қалыпқа келуі инфляцияны төмендетуге ықпал етеді. Ал бюджеттік саясат параметрлерінің өзгеруі ақша-несие саясатын қайта қарауды қажет етуі мүмкін.

Негізгі сценарийге сәйкес, 2025 жылы негізгі мөлшерлеменің орташа мәні 18,8–19,6% деңгейінде, ал 2026 жылы 12–13% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бұл қатаң ақша-несие саясатының ұзақ уақытқа жалғасатынын көрсетеді. Ресей банкі негізгі мөлшерлемеге қатысты алдағы шешімдер инфляцияның баяулау тұрақтылығына және инфляциялық күтулердің динамикасына байланысты болатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, 21 шілдедегі бағалау бойынша жылдық инфляция 9,2%-ды құрады. Шілде айында тұтыну бағалары индексінің айлық өсімі уақытша ұлғаяды деп күтіліп отыр, себебі коммуналдық тарифтерге елеулі индексация жүргізілген.

Бұдан бұрын Моңғолияда қолжетімді баспана үшін арнайы банк құрылатыны айтылды.

Соңғы жаңалықтар