Ресей ЕАЭО елдерін арзан әрі жылдам интернетпен қамтамасыз ете алады - Михаил Мишустин
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ресей келесі жылы жоғары эллиптикалық орбитаға төрт байланыс ғарыш аппаратын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Digital Almaty форумында Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин мәлімдеді.

Михаил Мишустиннің айтуынша, қызметтің жаңа деңгейін қамтамасыз ету үшін жетілдірілген ғарыштық топтар мен жүйелерді дамыту негізгі бағыттардың бірі. Келесі жылы төрт байланыс ғарыш аппаратын жоғары эллиптикалық орбитаға шығару жоспарланып отыр. Бұл кең жолақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
– Сондай-ақ біз өзіміздің төменгі орбиталық топтың негізін жасаймыз. Алдағы уақытта тек Ресейдің ғана емес, ЕАЭО елдерін арзан, жылдам, ең бастысы сенімді интернетке деген сұранысын толық қанағаттандыра алатын 300-ге жуық құрылғы жұмыс істейтін болады, – деді ол.
Digital Almaty форумы аясында өткен пленарлық отырысқа Әзербайжан Премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Ареф Мохаммад-Реза, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян және ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Алаңда AI-дің экономикаға, өнеркәсіптік экожүйелерге, медицинаға, білімге және басқа да салаларға интеграциясы және инновациялық даму перспективалары мәселелері көтерілді.
Осыған дейін Олжас Бектенов жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға үлесі 20 трлн долларға жететіні туралы айтқан еді.
Сондай-ақ ҚР Үкіметінің басшысы Ресей компанияларын инвестициялық жобаларға белсенді атсалысуға шақырған болатын.
Айта кетейік, Президент Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті.