Ресей Еуропалық одақтан Қазақстанға жөнелтілген 408 сиырды кері қайтарған
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің тауарлы сүт фермаларының санын көбейтуге арналған жиынында Ресей Федерациясының шекарадағы әкімшілік кедергілері бірнеше жобаны кестеден кешіктіріп жатқаны мәлім болды.

Өңірдегі тауарлы сүт фермаларын құруға бағытталған жобалардың жай-күйі туралы баяндаған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Ресей қабылдаған тыйымның кесірінен бірнеше жоба кестеден кешігіп жатқанын айтты.
«Тауарлы сүт фермасын салуға ақша салған 4 инвестордың біреуі қажетті 99 малды түгел жеткізді. Қалғандарында қиындықтар туындап отыр. Ресей Федерациясы блютанг вирусына байланысты мал транзитіне шектеу орнатты. Мысалы, «Аманат» шаруа қожалығы осы жиынға қатысып отыр. Мажарстан елінен 408 гольштейн тұқымды құнажынның толықтай ақшасын төлеп, карантиннен өткеннен кейін 18 қазанда шыққан мал 21 қазанда Ресей шекарасынан кері қайтарылды. Осы мәселені шешіп беруге көмек сұраймыз», — деді ол.
Бұл проблема тек БҚО фермерлерін тығырыққа тіреп отырмаған көрінеді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркін Наурызбеков та мәселеге Үкімет араласу керек деп отыр.
«Батыс Қазақстан облысының әкімдігі көтерген мәселе шынымен бар. Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін мал транзитінде проблема бар. Биылғы 18 қазаннан бастап олар Еуропа одағынан өз аумақтары арқылы мал әкелуге тыйым енгізген болатын. Мұны олар эпизотикалық жағдайдың ушыққанымен, блютанг дейтін мал ауруына байланысты деп түсіндірді. Пилоттық жобаға қатысып жатқан шаруалардың басым бөлігі малды Еуропалық одақтан әкелуді жоспарлаған. Өйткені сол жақтың ірі қарасы өнімділік параметрлері жоғары әрі біздің климатқа барынша бейімделгіш келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарлағанбыз. Үкіметтен мәселені жеделдетіп шешуді сұраймыз. Ертең Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ресейдің министрімен кездеседі. Сол кезде осы мәселені көтеруді сұраймыз», — деді «Атамекен» өкілі.
Бұған дейін Ресейге баратын қазақстандықтар биометриялық дерек ұсыну керектігі айтылды.