Ресей Қазақстанға Сарышағандағы полигонның 1 млн. гектар жер учаскесін қайтарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
None
None

Онда «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен РФ арасындағы Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

«Келісімде қарастырылған өзгерістердің мақсаты Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының аумағында жалпы алаңы 1 млн. гектардан астам полигон жер учаскелерін жалдаудан шығару болып табылады. Ресей тарапына полигон бойынша нақты қажетті жер учаскелерін анықтау, әскери полигондардың алаңын қайта қарау туралы тапсырманы Елбасы жүктеген болатын. Бұдан бөлек, жекелеген учаскелерді жалдаудан шығару туралы бастаманы мүдделі мемлекеттік органдар мен тиісті облыстар әкімдіктері көтерді », - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасында жалдаудан бірқатар жер учаскелерін шығару көзделеді. Олар: түсті металды өңдеу үшін Қарағанды облысындағы Жаманайбат учаскесі, Бейнеу-Жезқазған теміржолын және Самара-Шымкент автокөлік жолдарын пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы жекелеген учаскелері бар.

«Бұдан бөлек, А-313 және А-73 халықаралық авиациялық трассаларды түзету мақсатында 711 мың 290 гектар жер жалдаудан шығарылады», - дейді О. Сапаров.

Заң жобасы Парламент Сенатының алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар