Ресей мен Әзербайжан Қазақстанның салықтық тексеру нәтижелеріне шағым беру туралы ережесін үйренуге ниетті

Бұл туралы бүгін «Қазақстандағы салық даулары: пайда болуы және шешілуі» тақырыбы бойынша Жоғарғы сотта басталған семинарда ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті салық аппеляциялары басқармасының бастығы Ләззат Ережепова мәлім етті.
Л.Ережепова атап көрсеткендей, Қазақстанда салықтық тексеру нәтижелеріне шағым берудің соттан тыс тәртібі Салықтық кодекстің 93 және 94-інші баптарында көрсетілген. Ағымдағы жылдың 9 айында салық төлеушілерден түскен 417 арыздың 147-сі толығымен не болмаса жартылай қанағаттандырылды. Бұл қаралған арыздардың 35,3 пайызын құрайды.
«Салыстыру үшін, ТМД елдерінің салық заңнамасының салықтық тексеру нәтижелеріне соттан тыс шағым беру тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көрсетілген талаптар мен шектеулерді қарастырмайды. Мысалға, Ресей мен Әзербайжан мемлекеттері Қазақстан Республикасында салықтық тексерулердің нәтижелеріне шағым беру туралы қолданыстағы ережесін үйренуге қызығушылық білдірген болатын. Біздегі салықтық тексерулердің нәтижесіне шағым берудің қолданыстағы тәртібі салық төлеушіге өзінің ұстанымын «мүлдем тегін» білдіруге құқық береді. Ал салық органы анықталған кемшіліктерді жетілдіру мақсатында әкімшілік немесе әдістемелікті қолдана алады. Шағым берудің аталмыш процедурасы 10 жылдан астам уақыт қолданыста. Өткен кезең ішінде оған айтарлықтай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді», - деді ол.
Мәселен, салық төлеушілер үшін арыз беру мерзімдері нақты атап көрсетілді, ол мерзімдерді анықтау санаттары айқындалды, арыздардың үлгісі мен болуы тиіс мазмұны ескерілді, сондай-ақ салық төлеуші арыз беру мерзімі ішінде көңілінен шықпайтын мәселелерді қағаз жүзінде немесе салық органымен кездесу барысында түсіндіріп бере алады. Онымен бірге, салық төлеуші арызды қараудан қандай жағдайда бас тартылатынын біледі.