Ресей мен Беларусь техникасына басымдық бергенді қою керек – фермер Фарид Абитаев

 «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Абитаев Мәжілісте өткен комитет отырысында салалық ведомстволардың ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту саясатын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ресей мен Беларусь техникасына басымдық бергенді қою керек – фермер Фарид Абитаев
Фото: Мухтор Холдорбеков/ҚазАқпарат ХАА

«Бәрінен бұрын айтайын дегенім, біз қазір түрлі техниканы егіске салып жүрміз. Соның ішінде кейінгі екі жылда отандық техниканы да пайдаланып жүрміз. Одан бөлек «Ростельмаш», CLAАS техникалары да бар. Бұған дейін Батыстың басқа да өндірістері шығарған техникаларды сатып алғанбыз. Сондықтан Қазақстанда бар техникалардың жұмысы, сапасы, бағасы туралы мәліметтің бәрімен таныспыз. Қазіргі отандық өндірушілерді қолдау саясатын, сөз жоқ, қолдаймыз. Мемлекеттің қолдау шаралары мол деп айтуға болады. Тіпті жеткілікті мөлшерден артық деп есептеймін. Қосымша құн салығынан босату, утильалым, жеңілдетілген несиелер сияқты аса маңызды қолдау тетіктері бар. Бірақ Президент техниканы жаңарту пайызын ғана көтеру керек деген жоқ қой. Ол еңбек өнімділігін арттыру жайын да айтты. Бұл көрсеткіш бойынша айтсақ, қазір Ресей мен Беларусьтен шығатын техника Батыс өндірісінің техникасына ұтылып жатыр», - деді Фарид Абитаев.

Айтуынша, геосаяси жағдайлардан кейін бұл техникалар ең соңғы заманауи технологиялардан жұрдай болып шығып жатыр.

«Роботтандыру жағынан да, цифрландыру жағынан да олар артта қалып жатыр. Ауыл шаруашылығындағы цифрландыру еңбек өнімділігін 20 пайыз арттырады. Бұл жалпыға мәлім жайт. Ресей мен Беларусь техникасы қазір осы артықшылықтан қағылған. Осы себептен де мен Ресей, Беларусь техникасына басымдық беріп қою соншалық дұрыс емес деп есептеймін. Қазір біздің басымыздағы проблеманың бәрі ақшаның жетпеуінен болып отыр. Бұған дейін техникаға салатын ақшаның 25 пайызын шетелдік өнімге салсақ, қазір оны 15 пайызға азайтып отырмыз. Оның себебі ақшаның жоқтығында ғана. Біз оның орнын отандық техникамен жапқан болып жатырмыз. Мысалы, CLASS техникалары «Россельмаштың» техникаларынан қымбат. Бұлай кете берсе, CLASS-қа да ақша таппай қаламыз. Бұл дұрыс емес қой», - дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ ол мәселенің салдарын емес, себебін жою керектігін айтады.

«Сондықтан техниканы жаңарту толыққанды жүру үшін шаруалардың таңдау еркіндігі болу керек. Отандық сатып ала ма, шетелдік техника сатып ала ма, өзі таңдауы керек. Қазіргі шетелдік техникада еңбек өнімділігі мен цифрландыруға қажет элементтің бәрі бар. Ал Ресей мен Беларусь техникасы ондай артықшылығымен мақтана алмайды. Осыған байланысты мәселені түбірімен шешіп, аграрлық салаға бөлінетін қаржы көлемін арттыру үшін күресуді ұсынамын», - деді фермер.

Соңғы жаңалықтар