Ресей мен ЕО арасындағы сауда 2025 жылы тарихи минимумға түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақ пен Ресей арасындағы сауда көлемі 2025 жылдың екінші тоқсанында 2002 жылдан бергі ең төменгі деңгейге жетті. Бұл туралы Euronews Евростат деректеріне сүйене отырып хабарлады.

2022 жылғы ақпанда Украинаға басқыншылықтан кейін ЕО Ресейге қарсы бірқатар қатаң шектеулер енгізді. Соның салдарынан 2022 жылдың бірінші тоқсанынан 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін Ресейден ЕО-ға импорт 89%-ға, ал ЕО-дан Ресейге экспорт 61%-ға қысқарды.
2025 жылдың екінші тоқсанында Ресейден импорт көлемі 7 млрд еуроны құрады, ал экспорт – 7,5 млрд еуроға жетті. Осылайша сауда балансы тарихта алғаш рет профицитке шығып, 0,5 млрд еуро болды.
Жалпы сауда айналымы 14,5 млрд еуроға тең болды. Бұл 2022 жылдың басындағы 81,9 млрд еуро көлемімен салыстырғанда 82%-ға аз.
ЕО-ның Ресеймен сауда құрылымында негізгі үлес бұрынғысынша энергия тасымалдаушыларға тиесілі. 2022 жылы энергия бағасының өсуі сауда балансының тапшылығын 42,8 млрд еуроға дейін ұлғайтқан болатын. Алайда 2025 жылдың екінші тоқсанына қарай санкциялар мен бағалардың төмендеуі нәтижесінде бұл көрсеткіш 4,2 млрд еуроға дейін қысқарды.
Сонымен қатар Ресейдің ЕО-дан тыс елдермен жалпы саудадағы үлесі де айтарлықтай азайды. 2022 жылдың бірінші тоқсанында Ресей ЕО-ның экспортындағы үлесі 3,2% болса, 2025 жылдың екінші тоқсанында ол 1,2%-ға дейін төмендеді. Импорттағы үлесі 9,3%-дан 1,1%-ға дейін азайып, 88%-ға қысқарды.
Еуроодақтың энергетикалық тәуелділігін азайтудағы қадамдары да нәтижесін берді. 2021 жылдың басында Ресей ЕО-ның негізгі мұнай жеткізушісі болса, 2025 жылдың екінші тоқсанында оның үлесі небәрі 2%-ға түсті. Осы кезеңде АҚШ пен Норвегиядан импорт айтарлықтай артты. Газ жеткізілімінде Ресейдің үлесі 39%-дан 13%-ға дейін, никельде – 41%-дан 15%-ға дейін, ал темір мен болатта – 18%-дан 6%-ға дейін төмендеді.
Айта кетейік, Иран мен «еуропалық үштік» арасындағы келіссөздер санкциялық қауіптерге байланысты тығырыққа тірелді.