Ресей мен Иран стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей мен Иран қорғаныс, лаңкестікпен күрес, энергетика, қаржы, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет, ғылым және технология сияқты көптеген саланы қамтитын келісімге қол қойды.

Путин и Пезешкиан
Фото: kremlin.ru

17 қаңтарда Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның Ресейге ресми сапары басталды.

Екі елдің көшбасшылары Владимир Путин мен Махмуд Пезешкиан келіссөздер жүргізіп, оның барысында Таяу Шығыстағы ахуал, оның ішінде Сириядағы және палестиналық-израильдік қақтығыс, Закавказьедегі, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдай, сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Келіссөздер нәтижесінде президенттер Ресей мен Иран арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды.

Сапар барысында Иран президенті Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен де келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың түрлі мәселелері талқыланды.

Сарапшылардың пікірінше, келісімге қол қою Ресей-Иран қарым-қатынасындағы маңызды оқиға.

Таяу Шығысты зерттеу орталығының сарапшысы, саясаттанушы Фархад Ибрагимов қазіргі уақытта Ресей-Иран қарым-қатынасы соңғы бірнеше жылда өте белсенді түрде дамып келеді деп санайды. Бұл келісімнің негізін қалаушылардың бірі, Иранның бұрынғы президенті Ибрахим Раиси Ислам республикасы Ресей және Қытай, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия елдерімен қарым-қатынасын кеңейтуі қажет деп мәлімдеген.

– Бұл келісімнің мәні – Ресей-Иран қарым-қатынасындағы жағдайды қағаз жүзінде бекіту, – дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ қазір елдердің стратегиялық серіктес екенін, ал Иран бұл үшін бірқатар шара қабылдағанын – ШЫҰ мен БРИКС-ке мүше болғанын атап өтті.

Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Александр Воробьев бұл келісім жан-жақты сипатта болады және Ресей Федерациясы мен Иранның әртүрлі салалардағы көпжақты және ұзақ мерзімді ынтымақтастығын нығайтуға арналған деп бағалады.

Оның пікірінше, өткен жылы Ресей мен КХДР арасында жасалған ұқсас келісімнен айырмашылығы, Иранмен келісімде қатаң әскери-саяси сипат болмайды.

– Көп векторлы саясатты ұстанатын Иран Мәскеуді ең алдымен негізгі сауда-экономикалық және энергетикалық серіктестердің бірі ретінде қарастырады, онымен байланыстарды нығайту Иран экономикасының өсуіне және сауда-экономикалық саланың одан әрі кеңеюіне ықпал етуі тиіс. Мәскеумен ғана емес, сонымен қатар Ресейдің ЕАЭО және ТМД-дағы көршілерімен: мысалы, Беларусь, Қазақстан және Әзербайжанмен де байланыстар нығая түседі, – деп атап өтті А.Воробьев.

Ресей ғылым академиясының қызметкері келісім Ресейдің Иранмен қарым-қатынасында соңғы бірнеше жылда орын алған өзгерістерді ресімдейтінін атап өтті. Бұл «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамыту арқылы көлік-логистикалық коммуникацияларды нығайту және Иранда ресейлік бизнестің қатысуын кеңейту және гуманитарлық байланыстар санын арттыруды көздейді.

Мәскеу үшін Иранмен байланыстарды дамыту оппортунистік емес, стратегиялық болып табылады, оны жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар (көлік дәлізі, энергетикалық ынтымақтастық, ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім) дәлелдейді.

Таяу Шығысты зерттеу орталығының (Ресей) президенті Мурад Садиғзаде де тараптар көпжақты және екіжақты күн тәртібінің әртүрлі салаларындағы байланыстарын шынымен де нығайтқанын атап өтті. Осыған байланысты бұл құжат Мәскеу мен Тегеран арасындағы қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірқатар экономикалық және саяси кедергіні азайтуы керек.

Ол көптеген аспектілерде сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге басты назар аударылатынын, бірақ елдер арасындағы әскери-саяси ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінуі әбден мүмкін екенін, бұл әлемдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты өте қисынды екенін атап өтті.

Айта кейтік, бұған дейін Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі санкцияларды жою туралы келіссөз жүргізгенін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар